Семейде спорт академиясы ашылды

Жаңа академия құрамына осыған дейін жұмыс істеп тұрған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, жекпе-жек залы мен 200 орындық интернат кірген. Академияға облыстың ауыл-аймақтарынан балалар іріктелініп алынып, дзюдо, самбо, грек-рим және еркін күрес сынды спорт түрлерімен жаттығатын болады. Ал оқу-жаттығу жұмыстарын Ресей, Моңғолия, Әзербайжан елдерінен келген білікті бапкерлер жүргізбек.

Академияның іріктеу жұмыстары оқу жылының басынан соңына дейін жүргізіле береді. Тек 10-18 жас аралығындағы үміткерге қойылатын басты талап: облыстық, республикалық сайыстардың чемпионы немесе жүлдегері болу шарт.

Айта кетсек, тәуелсіздік жылдарында Шығыс Қазақстанда спортпен шұғылданатын халық саны артып, 30,3%-ға жеткен. Қазірдің өзінде аймақта 3149 спорт мекемесі, оның ішінде 30 дене шынықтыру және сауықтыру кешені жұмыс жасап тұр.

 

ДереккөзБАҚ.кз