Биыл 15 мыңнан астам офицер аттестаттаудан өтеді

Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, офицерлерді аттестаттаудан өткізу олардың Қарулы күштердегі қызметін жан-жақты бағалау, оны ұтымды пайдалану мен кәсіби әлеуетін дамыту мақсатында өтеді.

Алғашқы кезеңде бірінші ақпан мен бірінші шілде аралығында өтеді. Бас штаб, Қорғаныс министрлігі, Қарулы күштердің әскер түрлері бас қолбасшылары басқармалары, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері мен әскер тектері қолбасшылары басшылық буынының, әскери бөлімдер командирлерінің білімдері мен құзыреті тексеріледі, — делінген министрлік хабарламасында.

Қызметіне және жеке басына қатысты жағымсыз мінездеме алған офицерлер де аттестаттауға жатады.

1 шілдеде басталатын екінші кезең қалған офицерлерге қатысты. Әскери қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясындағы заңнаманы білуіне сынақ тапсырады, әскери қызмет бойынша реттеуші құжаттарды білуі тексеріледі және психологиялық тестілеуден өтеді, — деді министрліктің баспасөз қызметі.

Комиссия аттестатталушының атқаратын лауазымдарына сәйкестігін және олардың әрі қарай қызмет ету перспективасын айқындайды.

Аттестаттау нәтижелері бойынша әр әскери қызметші кәсіби, жеке қасиеттері мен әлеуетті мүмкіндігінің жан-жақты және объективті сипаттамасын алады. Әрбір әскери қызметшіні қай бағыттарда даярлау мен қайта даярлау талабы белгілі болады.

Осылайша, қызметі бойынша жоғарылату және оқуға жіберу мақсатында офицерлердің кадрлық резерві қалыптастырылады, анықталған кемшіліктерді жою бойынша ұсынымдар әзірленеді, — делінген минстрлік таратқан хабарламасында.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің офицерлер құрамын аттестаттау 2021 жылдың қарашасына дейін жалғасады.