«Қазақстан аруы — 2016» — Қызылорданың қызы

Алғашқы кезеңде қазылар алқасының шешімімен 15 ару жартылай финалға жолдама алды. Кейін ақтық сайысқа 8 үміткер шықты. Барлық кезең аяқталған соң, байқаудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әділ қазылар алқасы тек 5 финалисті таңдады. Ал еліміздің ең сұлу аруын ел тұрғындары тікелей эфирде СМС-пен дауыс беру арқылы таңдады. Осылайша, «Қазақстан аруы-2016» байқауында қызылордалық Гүлбану Әзімханова жеңімпаз атанды.

Ал 1-ші вице мисс атағын астаналық Елназ Нұрсейітова, 2-ші вице-мисс атағын көкшетаулық Жанара Найманбаева, 3-ші орынды өскемендік Анастасия Усольцева алды.

Осылайша, сайыстың жеңімпазы 5 млн теңге көлемінде сыйақыға ие болып, «Әлем аруы-2017» халықаралық сұлулық байқауында Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алды.

Қазылар алқасы құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева, «Астана опера» театрының бас балетмейстері Тұрсынбек Нұрқалиев, этно-дизайнер Ырза Тұрсынзада, Рио Олимпиадасының жүлдегері Василий Левит, «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының бас директоры Алена Ривлина, Астана қаласы мәслихатының депутаты Асхат Оралов болды.

Айта кетейік, шараны еліміздің танымал тележүргізушісі Динара Сәтжан, «Астана опера» театрының жетекші солисі Сүндет Байғожин жүргізді. Мерекелік кеште «Славян базары-2015» байқауының жеңімпазы Димаш Құдайберген, Мақпал Исабекова, Айқын және «Формат» тобы өнер көрсетті.

Байқау финалының билеттерін сатудан түскен қаражат елордалық тұрмысы төмен отбасыларына беріледі.

 

ДереккөзБАҚ.кз