Басты бетПрезидент қорғаныс...

Президент қорғаныс министріне армияны жабдықтау бойынша тапсырма берді

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, қорғаныс министрі президентке Қарулы Күштердің қазіргі жағдайы мен әскери дайындығын арттыру шаралары туралы баяндады.

Ведомство басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан армиясының заманауи қару-жарақтармен және техникамен жабдықталуы, инфрақұрылымдық  дамуы, цифрландырылуы, ақпараттық қауіпсіздіктің  қамтамасыз етілуі және бітімгершілік бөлімдердің дайындығы жөнінде мәлімет берді.

Сонымен бірге Нұрлан Ермекбаев дамыған мемлекеттер армиясының құрылымына жасалған талдау жұмыстарын ескере отырып, Қорғаныс министрлігі «Армияны жаңғырту» жобасын ұсынатынын хабарлады.

Нұрлан Ермекбаев Мемлекет басшысына бейбітшілікті қолдау операцияларына қатысатын әскери қызметшілердің дайындығы туралы айтты. БҰҰ миссиясы бағытындағы қызметте мейлінше сұранысқа ие әскери-медициналық, инженерлік, барлау және әскери полиция сияқты бөлімдердің дайындығы пысықталып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердің әскери әлеуетін арттыруға және қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерді ескеріп, оларды сапалы дамытуға, армияны жабдықтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда қару-жарақтың бірнеше түрін шығаратын қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімен ықпалдастық орнату, сонымен бірге Қарулы күштерді цифрландыру жұмысын жалғастыру керек.

Мемлекет басшысы бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу және полигондарды пайдалану үшін өзге елдердің әскери ведомстволарымен бітімгершілік қызмет пен халықаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызын айтты.