Президент Қорғаныс министрлігінің әскери алқа отырысын ұйымдастыруды тапсырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Қазақстан армиясының инфрақұрылымы мен материал-техника базасын жетілдірудің перспективалары және әскерді ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары сияқты заманауи қару-жарақ түрлерімен жабдықтау мәселелері қарастырылды.

Қорғаныс министрі Мемлекет басшысына халықаралық әскери ынтымақтастық пен бітімгершілік іс-қимылдардың ахуалы туралы ақпарат берді.

Нұрлан Ермекбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери қызметшілердің тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды сапалы киім-кешекпен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде баяндады.

Жоғарғы бас қолбасшы Қорғаныс министрлігінің әскери алқа отырысын ұйымдастыру туралы тапсырма берді. Жиында 2020 жылғы әскери дайындықтың қорытындылары жасалып, алдағы кезеңде атқарылатын міндеттер айқындалады.