1. Майер мырза, Джо Байден — 20 қаңтардан бері АҚШ Президенті. Биылғы инаугурация бұрынғыдан несімен өзгеше болды?
COVID-19 пандемиясына байланысты өзгеріске ұшырап жатқан кез келген іс-шара сияқты Президент Байден мен Вице-президент Харристің биылғы инаугурациясы да өзгеше өтті. Әр төрт жыл сайын жаңа президент пен вице-президент дәл 20 қаңтар күні ант беріп, қызметіне кіріседі. Дәстүр бойынша бұл сәтті мыңдаған адам тамашалайды, Конгресс мүшелері мен басқа азаматтарға 200 000 кіру билеті таратылады. Алайда биыл әр Конгресс мүшесі шараға бір ғана қонақ шақыра алды. Ал инаугурацияға қатыса алмаған Америка азаматтарының орны бос қалмас үшін National Mall саябағына 200 000 ту орнатылды.
Әдетте Пенсильвания даңғылының бойымен сап түзеп өтетін музыканттар шеруінің орнына елдің түкпір-түкпіріндегі өнерпаздар қатысқан виртуалды шеру өтті, оны АҚШ-тың ең үлкен телеарналары мен онлайн алаңдары көрсетті.
Америка демократиясының бірден-бір рәмізі саналатын ұлттық әнұранның орындалуы, Конгресс мүшелері, Жоғарғы сот судьялары мен бұрынғы президенттердің алдында ант беру және жаңа президенттің инаугурациялық үндеуі сияқты ең маңызды салт-жоралар әдеттегідей өтті.
2. Америкада жаңа президенттің келуіне ере жүретін дәстүрлер туралы айтып бересіз бе?
АҚШ халқы президент билігінің 20 қаңтар күні қолдан-қолға бейбіт түрде өтуін Америка демократиясының белгісі деп біледі. Ал онымен қатар жүретін дәстүр көп.
Мысалы, жаңа сайланған президент администрация құрамын екі айда анықтап үлгеруі керек. Ал инаугурация күні ол отбасымен бірге Ақ үйге көшіп барады. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, бір президент таңертең Ақ үйді босатады, екіншісі сол күні кешке көшіп кіреді!
Американың тарихында президент инаугурациясы ресми түрде 58 рет өткен. Өтетін орны 10 рет өзгерген. 1981 жылғы Рональд Рейганның инаугурациясынан бастап тамашалай алатын адам көп болсын деген мақсатпен Капитолий ғимаратының Батыс бетінде ұйымдастырылатын болды.
Тағы бір мызғымас дәстүр — инаугурациялық үндеу. Бұл — Джордж Вашингтон сайланған 1789 жылғы 30 сәуірдегі, яғни ел тарихындағы тұңғыш инаугурацияда пайда болған ең көне дәстүрдің бірі.
Инаугурация күнгі түскі асты дәстүр бойынша Конгрестің инаугурациялық комитеті ұйымдастырады. Бұл да 100 жылдан артық тарихы бар дәстүр. Сенат комитеті Капитолийда ұйымдастырған дәмге алғаш рет Президент Мак-Кинли мен басқа қонақтар қатысқан.
20 қаңтар күні “Біз алатын белес” атты өлең оқыған 22 жасар Аманда Горманды тыңдаған боларсыздар. Инаугурацияға ақындарды шақыру жаңа дәстүрлердің бірі десек болады. Оны инаугурациясына ақын Роберт Фростты шақырған Джон Кеннеди бастаған. Фросттың сол күнгі өлең оқуы көпшіліктің есінде қалды. Ол инаугурация рәсіміне арнап өлең жазып, оны жаттап үлгермей қалады. Қағаздан оқып берейін десе, дәл сол күні Вашингтонда қар борап, парағы біресе күнге шағылысып, біресе жел ұшырып әкетіп, әуреге салады. Ақыры Фрост тоқтай қалып, өзінің “The Gift Outright” атты бұрынырақ жазған өлеңін оқи жөнеледі. Әдеби сыншылардың айтуынша, осы өлеңі тіпті сәтті шығып, жұртшылықтың есінде қалған екен.
3. Инаугурация неліктен 20 қаңтарға белгіленген? Сайлау былтырғы 3 қарашада өтіп кетті емес пе?
Демократиялық елдердің көбінде жаңа ел басшысы жұмысына тез арада кірісіп кетеді, алайда АҚШ-та өтпелі кезең 11 аптаға созылады.
Бұл ұзақ болып көрінуі мүмкін, алайда әу баста АҚШ Конституциясында белгіленген төрт айлық мерзімге қарағанда әлдеқайда қысқа.
18-ғасырда халыққа ақпаратты жеткізу көп уақыт алғандықтан, қарашадан наурыз айына дейін күту туралы шешім қабылданған. Алайда өткен ғасырдың 30-жылдары Ұлы депрессияның ауыртпашылығы жаңа президентті қызметіне мүмкіндігінше тез арада кірісуге итермеледі. Осы мақсатта “lame duck” мерзімі төрт айдан үш айға дейін қысқартылды (Lame duck деп мансап мерзімі әлі аяқталмаған, алайда оның орнын басатын адам сайланып қойылған билік өкілін атайды. Мұндай қайраткер саяси тұрғыда әлсіреген болып саналады) .
1933 жылы күшіне енген 20-Түзету 20 қаңтарды ресми инаугурация күні етіп бекітті, ал сайлау күні бұрынғыша қараша айының басында өтетін болып қала берді.
4. Жаңа президенттің министрлері қалай тағайындалады?
Жаңа сайланған президенттің алдында тұрған ең үлкен істің бірі — болашақ кеңесшілерін таңдау.
АҚШ-та оларды Кабинет деп атайды. Президенттің кабинетіне вице-президент және Қорғаныс министрі немесе Әділет министрі тәрізді 15 атқарушы департамент басшысы кіреді. Президент кейбір лауазымды тұлғаны Кабинет санатына көтеруі мүмкін. Оның бір мысалы — БҰҰ тұсындағы АҚШ елшісі сияқты лауазым. Кабинет мүшелерін әрқашан АҚШ Сенаты мақұлдайды.
Қызықты бір жайтпен бөлісейін. “Кабинет” деп кезінде, яғни 18-ғасырда бір топ адам жиналып, түрлі мәселені талқылайтын кішігірім бөлмені атаған. Кейіннен осы сөзбен президентке кеңес беретін саясаткерлер тобын атап кетті
Президент Байден жаңа Кабинетке өздері қызмет ететін елді сипаттайтын адамдарды тағайындаймын деп уәде берді. Және сол сөзінде тұрды. Мысалы, Ұлттық барлау басшысы болып алғаш рет әйел адам Эврил Хейнс тағайындалды, ал отставкадағы Генерал Ллойд Дж. Остин АҚШ-тың тұңғыш афроамерикалық Қорғаныс министрі ретінде бекіді.
Американың жаңа бас дипломаты, Мемлекеттік хатшы Тони Блинкеннің айтуынша, отбасының кезінде қудалаудан қашып, АҚШ-тан пана табуы оның Американың әлемдегі орны туралы көзқарасын қалыптастырған: “Ата-анам, ата-әжелерімнің арасында иммигранттар, босқындар бар, Холокосттан аман қалған адам бар. Менің осы туыстарым да, көптеген басқа жан да Америкаға соңғы үмітін артқан. Олардың басынан өткені маған осы елге қызмет етуге жігер берді”.
5. Камала Харрис — тұңғыш әйел вице-президент. Оны қалай сипаттар едіңіз?
Камала Харрис тосқауылдың талайын артта қалдырып, 20 қаңтар күні вице-президент қызметіне кірісті. Бұған дейін ол АҚШ Конгресінде Калифорния штатының сенаторы болып келген болатын.
Камала Харрис бұл лауазымға тағайындалған тұңғыш әйел, сондай-ақ тегі Африка, Ямайка, Оңтүстік-Азиядан шыққан тұңғыш вице-президент.
Ол Калифорния штатында иммигранттар отбасында дүниеге келген. Вашингтондағы дәстүрлі түрде қара нәсілділер университеті саналатын Ховард университетін тәмамдады, ал Калифорния университетінде заңгер дәрежесін алды.
Харрис – 2010 жылы Калифорнияның Бас прокуроры болып сайланған тұңғыш әйел адам. Елдегі АҚШ Әділет министрлігінен кейінгі ең ірі Әділет департаментін басқарған.
Харристі 2020 жылы Демократтардың ұлттық жиынында таныстарған Байден “менің қасымда ғажайып вице-президент қызмет етпек” деген болатын.
6. Президент Джо Байден Демократиялық партиядан, ал президент Трамп республикалық болатын. Жаңа демократиялық әкімшіліктің келуімен АҚШ саясаты қалай өзгереді?
Саясаттан бұрын біздің Үкіметтің бір әкімшіліктен екіншісіне қалай өтетінін айтып берген қызықты болар деп ойлаймын. Биліктің бейбіт жолмен ауысуы мықты демократияның көрінісі болғанымен, өте күрделі процесс. Жаңа президент төрт мың адамға дейін тағайындауы керек. Бұл бір кәсіпорынның төрт мың қызметкері бір күнде жұмыстан кетіп, орнына басқа төрт мың адамның келуімен тең.
Президент Байден елдің бірлігі, пандемиямен күрес, жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары, нәсілдік әділетсіздік және климаттың өзгеруі сияқты өзекті мәселелерді шешуді басты орынға қойды.
Пандемияға қарсы күресте АҚШ жаһандық көшбасшы ролін атқаруда. Сондықтан, АҚШ-тың алдында дамушы елдерге COVID-19 бен басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу, анықтау және емдеуде көмек көрсетіп, бүкіл халықаралық қауымдастықтың пандемиямен күресін қайта жандандыру деген міндет тұр.
Мәселен, осы уақытқа дейін АҚШ Қазақстан үкіметінің пандемиямен күресін қолдауға шамамен 6,2 миллион доллар бөлді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, қазақстандық Қызыл жарты ай қоғамы және ЮНИСЕФ сияқты серіктестеріміз арқылы біз инфекциялардың алдын алу және оларға қарсы күрес, зертханаларды нығайту, шекараны қорғау, төтенше жағдайларға төтеп беру және дағдарыс кезіндегі коммуникация сияқты салаларға өз үлесімізді қостық.
Ал сыртқы саясатқа келетін болсақ, президент Байден инаугурациялық үндеуінде Америка Құрама Штаттары әлемдегі ең шұғыл мәселелерді шешу үшін халықаралық серіктестерімен жұмыс істейтінін айтты.
Президент Байден қызметінің бірінші күнінен бастап Климат жөніндегі Париж келісіміне қайта оралу және Американың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алдындағы міндеттемелерін қайта қалпына келтіру сияқты бірқатар маңызды мәселені шешуге кірісіп кетті.
7. Екі партия көзқарасындағы негізгі айырмашылықтар қандай?
АҚШ-тың негізін қалаушылар сол замандағы Еуропаның саяси күштері арасындағы текетіреске қарап, жаңа туған ұлтты ондайдан алыс ұстағысы келді. Қызық болғанда, саяси топтар Конституцияны қолдайтындар мен оған қарсы шығатындар болып бірден екіге бөлініп кетті.
Америкадағы саяси партиялар 1796 жылғы президенттік сайлау кезінде-ақ қалыптасып қойған болатын. 20-ғасырға таман демократтар мен республикалықтардың партиялары үстем шықты. Қазір қоспартиялық жүйе Америка саяси жүйесінің мызғымас тірегіне айналды.
Партиялар өзінің ұлттық жиынында президенттіктен үміткер адамдарды таңдап, қандай мақсат қойып, қай мәселелерге ерекше көңіл бөлетінін шешеді. Тарихқа қарасақ, уақыт талабына орай саяси партиялардың да көңіл бөлетін, мән беретін дүниелері өзгеріп отырғанын байқаймыз. Екі партияның да құрамында елдің түкпір-түкпірінен жиналған жандар бар, олардың мақсат-мүддесі де алуан түрлі.
Кей америкалық қазір қос партияның идеалдары мен саяси ұстанымдарында ешқандай айырмашылық қалмады деуі мүмкін. Тағы бір азаматтар ұзақ жылдар бойы бір партия ғана дауыс беріп, ұлтты басқару ісін тек сол партияға сеніп тапсыра аламыз деген ойда болады.
8. Жаңа әкімшілік сіз сияқты дипломаттардың жұмысына қалай әсер етеді?
Ең әуелі біздің басшымыз өзгереді. 26 қаңтар күні АҚШ Сенатының құптауымен Мемлекеттік хатшы болып тағайындалған Блинкен енді Мемлекеттік департаментті, яғни біздің сыртқы істер министрлігін басқармақ. Бұл жерде ол Клинтон мен Обаманың президенттігі уақытында да қызмет атқарған. Блинкен — кезінде АҚШ елшілері болып қызмет атқарған әкесі мен ағасының жолын қуған адам.
Блинкен климаттың өзгеруі, қару таратпау, COVID-19 пандемиясы сияқты жаһандық қатерлерге қарсы күресте АҚШ-тың орны аса маңызды екенін қайталап айтып жүр.
Кез келген дипломаттың жұмысы — ұзақ жылдарға жалғасатын, жүйелі байланыс орнату. Мысалы, биыл біз АҚШ пен Қазақстан арасындағы қатынастың 30 жылдығын атап өтудеміз. Отыз жыл бойы Қазақстан АҚШ-тың Орталық Азиядағы ерекше орынға ие досы мен страгетиялық әріптесі болып келеді.
90-жылдары, байланыс енді өрбіп келе жатқанда, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту туралы батыл шешім қабылдады. Серіктестігіміз әрі қарай энергетика мен қауіпсіздік саласында жалғасын тапты. Ал ынтымақтастығымыздың бүгін қандай деңгейге жеткеніне қарап қуанамын.
2021 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы өкілдігі Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығын, екі ел арасындағы достық пен серіктестіктің ең маңызды сәттері мен 30 жылда жеткен жетістіктерін әлеуметтік желілердегі парақшаларында атап өтеді. Науқанның хэштегі #uskz30 болмақ.
9. Биліктің ауысуы АҚШ пен Қазақстанның байланысына қалай әсер етеді?
Елші Мозер сайлау алдында айтып өткендей, АҚШ-тың президенттік сайлауы екі ел арасындағы байланысқа әсерін тигізбейді. Біздің достығымыз, өзара қолдау мен стратегиялық ынтымақтастығымыз жалғаса береді.
Ал Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы Орталық Азиядағы жалғыз консулдық болып қалады. АҚШ үшін Алматы қаласы — Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияның ірі инновациялық, мәдени орталығы. Алматы бүкіл аймақтың халқын баурап алған, жаңа идеялар да дәл осы жерде дүниеге кеп жатады. Бұл жағынан Қазақстанның оңтүстік астанасын өзімнің туған штатым Калифорнияға ұқсатамын. Оны да көпшілік Американың мәдени, технологиялық және креативті орталығы деп қабылдайды.
10. Келер төрт жылда Америка қалай өзгереді деп ойлайсыз?
Америка әр әкімшілік тұсында дамып, өзгеріп отыратыны сөзсіз. “Америка — ғасырлар бойы сыннан-сынға ұшырап, одан аман-есен өткен ел. Бүгін біз бір үміткердің ғана емес, ұлы жолдың, демократия жолының жеңісін тойлаудамыз… Бұл сәт, құрметті қауым, демократияның үстемдік еткен сәті”. Бұл — Президент Байденның инаугурация кезінде айтқан сөзі. Сондай-ақ ол “Біз Америкаға ғана тән еңбекқорлыққа, батылдыққа, оптимизмге толы даму жолындамыз. Өзіміз бола аламыз деп сенетін, болуға тиіс ұлтқа айналуды мақсат етеміз” деп те айтты.
Менің қазіргі ең үлкен үмітім — COVID-19 пандемиясын тоқтатып, бұрынғыдай жүздесуге мүмкіндік беретін күндер. Дипломат ретінде әлемдегі бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеу жолында адамдардың бас қосып, пікір алмаса алуы қаншалықты бағалы екенін жақсы білемін.
Мен, сондай-ақ, елімнің “бәріміз теңдей болып жаратылдық” деген Америка идеалына сәйкес қоғам үшін күресін әрі қарай жалғастыратынына сенемін. Президент Байден айтқандай, “қатаң, ұсқынсыз расизм, нативизм, үрей мен әзәзіл бізді бытыратып жіберді”.
Америка жолы дейміз… Демек, келесі президент сайлауына дейін халық әлі талай таңдау жасайды. Солтүстік Каролинадағы кішкене бір қаланың мектебінде де, әлдебір қала әкімшілігінде де, конгресстің аралық сайлауында да, осы секілді басқа сайлауларда халықтың даусы талай саяси шешімге ықпал ететіні анық.