Басты бетМедицинаАлматыға коронавирусқа...

Алматыға коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы жетті

Вакцина Нұр-Сұлтаннан 31 қаңтар күні 20.30-да әуе рейсі арқылы жетті. Препараттар қоймаларға, соның ішінде Алматының қоғамдық денсаулық басқармасы қоймасына жөнелтілді.

1 ақпан күні таңертең вакцина қаланың сегіз ауданындағы ауруханаларға бөлінеді. Препарат №7 қалалық клиникалық аурухана қоймасына минус 18 градус температураға төзетін мұз пакеттері бар контейнерлерде жеткізілді, — делінген Алматы әкімдігі Telegram-каналында таратқан хабарламада.

вакцина, Спутник V
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда сонымен бірге вакцинация пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактика егулерінің стандарт жұмыс тәртібі бекітілді. Иммундау курсынан денсаулық сақтау басқармасының 144 медицина маманы өтіп жатыр.

Екпе жүргізілетін әрбір емханада салқындату жабдықтары бар жеке вакцина кабинеттері бар. Онда дәрігер, мейірбике-вакцинатор және мейірбике-тіркеуші жұмыс істейді. Вакцина салдырған азаматтар жеке бөлмеде 30 минут дәрігер бақылауында болады.

Айта кетейік, вакцинацияның ақпан айындағы бірінші кезеңінде инфекция ауруханаларының, жедел жәрдемнің, санитарлық эпидемиологиялық қызметтің, жансақтау бөлімінің қызметкерлері дәрі ектіреді.

Еске салайық, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап халықты ерікті вакцинациялау науқаны басталды, бірінші болып ресейлік «Спутник V» вакцинасы қолданылады.