Латын графикасындағы қазақ алфавитінің жаңа нұсқасы пайда болды

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

2017 жылы қазақ тілі алфавитін латын графикасына көшіру жұмыстары басталды. Бүгінге дейін алфавиттің 40-тан астам нұсқасы, сонымен бірге қазақ тілінің емле ереже жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды.

Білім беру мекемелерінде жетілдірілген әліпби белгілерін жазу және оқу бойынша сауалнама жүргізілді. Қоғамдық пікірді ескеру мақсатында ашық талқылаулар ұйымдастырылды.

қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасы
Фото: Primeminister.kz

Жетілдірілген әліпбиде әріп саны — 31, ол тек латын алфавиті база жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.

Қазіргі ә(ä), ө(ö), ү(ü), ұ(ū) және ғ(ğ), ш(ş) қазақ әріптері диакритика таңбаларымен берілген. Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут (  ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис (  ̌ ) диакритика таңбалары қолданылған.

қазақ тілі әліпбиінің жаңа нұсқасы
Фото: Primeminister.kz

Жаңа алфавитке кезең кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін латын әліпбиін енгізу мәселесінде асығыстық жасамай, жұмысты ғалымдармен жан-жақты сараптай отырып жүргізу керек екенін айтты.