Президент латын әліпбиін енгізуге асығыстық жасамау керек екенін айтты

Қазақстан Президенті Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованы қабылдады.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақтоты Райымқұлова Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрлік қызметінің қорытындылары, атап айтқанда, мәдениет, спорт, туризм, тіл саясаты, ономастика мәселелері, архивтер бойынша атқарылған жұмыстар жайында есеп берді.

Мәдениет және спорт министрі бұқаралық спортты дамыту жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын, мәдениет қызметкерлерінің еңбек ақысын көбейту мақсатында қолға алынған бастамалар туралы айтты. Қазірдің өзінде мәдениет қызметкерлерінің жалақысы жергілікті жерлерде 35%, ал республикалық деңгейде 50% артқан. Бұған қоса, министрліктің пандемия кезінде өткізген онлайн шаралары жөнінде де мәлімет берді.

Сонымен бірге Ақтоты Райымқұлова Президентке қазақстандық спортшылардың алдағы Олимпиада ойындарына дайындығы, жаңадан ашылғалы жатқан Туризм және меймандостық университетінің жұмысы жайында айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда айтылған басым бағыттарды тиісті деңгейде жүзеге асыруға, ел арасында бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, оны одан әрі дамытуға қатысты нақты тапсырмалар берді. Сонымен бірге латын әліпбиін енгізу мәселесінде асығыстық жасамай, жұмысты ғалымдармен жан-жақты сараптай отырып жүргізу керек екенін айтты.