Басты бетҚоғамАсқар Мамин...

Асқар Мамин Үкіметті қайта басқарады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметіне Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты мақұлдады.

Депутат Айқын Қоңыров Қазақстан халық партиясы фракциясы президенттің бұл ұсынысын қолдай алмайтынын және дауыс бермей, қалыс қалатынын айтты.

Осылайша, Асқар Маминнің кандидатурасын отырысқа қатысқан 99 депуттаттың 78-і қолдады, 21-і қалыс қалды.

Осыдан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Маминді Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне тағайындау туралы жарлық шығарды.

Асқар Ұзақбайұлы Мамин Қазақстан Республикасының премьер-министрі болып тағайындалсын, — делінген жарлықта.

Асқар Мамин әуелі өзіне сенім артқаны үшін Мәжіліс депутаттарына алғыс айтты.

Бұл — мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басым бағыттарын жариялады. Соның ішінде ең бастысы — халықтың өмір сүру сапасын және әл-ауқатын жақсарту, халықтың табысын арттыру. Бұл міндеттерді экономиканы қарқынды дамыту арқылы орындауға болады. Осы мақсатта экономикалық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, жаңа технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру және тағы да басқа бағыттар бойынша тиімді шаралар іске асырылады. Осы стратегиялық міндеттерді іске асыруда Парламентпен бірге үйлесімді және нәтижелі жұмыс істеймін, — деді Асқар Мамин.

Асқар Мамин 1965 жылы Целиноградта дүниеге келген.

Целиноград инженер құрылысы институтын, Г. В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын инженер-құрылысшы, экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтаждаушы болып бастаған.

1996–2008 жылдар аралығында қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бірінші орынбасары, көлік және коммуникациялар вице-министрі, индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасы көлік және коммуникациялар министрі, Нұр-Сұлтан әкімі қызметтерін атқарған. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционер қоғамының президенті болды.

2016 жылдың 9 қыркүйегінде ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

2019 жылдың 25 ақпанында Қазақстан Республикасы президенті жарлығымен ҚР премьер-министрі болып тағайындалды.