Басты бетҚоғамРасул Жұмалы:...

Расул Жұмалы: Қазақстан азаматтары реформаның өркениетті жолын қалайды

Саясаттанушы әлеуметтік желідегі парақшасында қазақстандықтар реформалардың өркениетті жолын қалайтынын айтты.

Парламенттік сайлау өз мәресіне жетіп қалды. Алдын ала мәліметтер бойынша ел аумағында дауыс беруге хақылы азаматтардың 63 пайызы өз ықтиярын білдірді. Халықаралық тәжірибеде бұл өте жақсы көрсеткіш болып табылады. Әсіресе пандемияға байланысты шектеуге, ауа райының қолайсыздығына, сондай-ақ қордаланған күмән мен реніштерге қарамастан Қазақстан азаматтарының басым бөлігі реформалардың өркениетті жолын қалайтынын көрсетті, — деді Расул Жұмалы.

Саясаттанушының пікірінше, жарияланған exit poll көрсеткіштері ресми есептерден қатты алшақтамайды.

Сайлау қорытындысына келер болсақ, әзірше «Қоғамдық пікір» орталығы ұйымдастырған Exit Poll нәтижелеріне сәйкес дауыстар үлесі келесідей орныққан: Nur Otan — 71,97, Ақжол — 10,18, Халықтық партия — 9.03, Ауыл — 5,75, Адал — 3,07%. Әрине, бұл тек алдын ала деректер. Десе де, әдетте exit poll көрсеткіштері ресми есептерден қатты алшақтамайтынын ескерсе, сайлау қорытындысының нобайы қазірдің өзінде түсінікті сияқты. Көріп отырғанымыздай, басым көпшілік дауысты бұдан бұрын болжанғандай Nur Otan еншіледі. Электоралдық науқан әжептәуір тең дәрежеде жүргізілгені аталған жетістік әкімшілік ресурс емес, негізінен партия өткен кезеңде, әсіресе COVID-19 жайлаған 2020 жылы атқарған жұмысының жемісі деп бағалауға болады, — деді Расул Жұмалы.

Оның айтуынша, бірқатар партияның консервативтік алаңдағы екі-үш айлық белсенділігі ұзақ мерзімді кешенді тірлікті алмастыра алмайды.

Басқа партияларға келсек Мәжіліске өту шегін «Ақ жол» мен «Халықтық партия» бағындырды. Бұнда да айтарлықтай тосын жаңалық болмады. Әрине, «Ауыл» және «Адал» партиялары кейінгі уақытта өте үлкен жұмыс атқарғанын мойындау керек. Десе де саясат — аса консервативтік алаң болған соң екі-үш айлық белсенділік ұзақ мерзімді кешенді тірлікті алмастыра алмасына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Бұл да оппозиция бағытында жүрген топтарға сабақ болғаны жөн. Түйінін айтқанда, меніңше, сайлау кереметтей болмаса да, демократиялық талаптарға бір табан жақын ахуалда өтті. Ал енді сайлау атты сынақтан екінің бірі сүрініп, тіпті құлап жатқанда, Қазақстан ұпайын жоғалтпай тәжірибе жинақтап толығып шыққаны қанағат тұтарлық шаруа, — деді саясаттанушы.