Қазақстанда жоғары деңгейдегі әкімдерді халық сайлауы мүмкін

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында жазды.

Президенттің айтуынша, кейінгі кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді.

Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі — осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі, — деп жазды президент.

Мемлекет басшысы саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес екенін, мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыру қажет екенін айтты.

Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халық алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлаймыз, — делінген мақалада.