Егеменді еліміз азат қазақ тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі табаны күректей 29 жыл толып отыр. Иә, тарих үшін өте аз уақыт саналғанымен, біздер үшін үлкен жетістік. Осы жылдар аралығында шекарамызды бекітіп, елтаңбамыз бен туымызды, рухы күшті әнұранымызды да айқындап алдық. Өз алдымызға дербес мемлекет болдық. Бабаларымыздың бастарын бәйгеге тігіп, аналарымыздың жанарына жас алдырып, еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін тілеуін тілеген тәуелсіздіктің қадірін біліп, астарына үңіле білуіміз керек. Тәуелсіздіктің арқасында бағындырған белестеріміз де аз емес. Алар асуларымыз бен бағындырар белестеріміз де әлі алда.
Осы орайда жеткен жетістіктеріміздің бір дәлелі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін айтпасқа болмас. Елбасының ерен еңбегі бүгінде тек қазаққа емес, дүниежүзіне таныс. Тұңғыш Президентіміз ел тізгінін қолға алған күннен бастап, халықтың жағдайын көтеруді мақсат етті. Бүгінгі күнге дейін еліміздің жеткен әрбір жетістігінің артында Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі тұр. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған Nur Otan партиясының да ел игілігі жолында осы уақытқа дейін тындырған шаруаларын ауыз толтырып айтуға болады. Nur Otan халықтық партия болғаннан соң ел тағдыры үшін жауапкершілік жүгін арқалап, өзінің құрылған күнінен бастап адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына жасалатын жағдайды жақсарту мақсатымен экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Осы тұрғыдан Nur Otan партиясы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы барлық игі бастамаларға ұйытқы болып, ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, еліміздің көркейіп гүлденуіне өзінің қомақты үлесін қосып келеді.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлауға қатысты пікір білдіре отырып: «Келер жылы – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол экономикалық әрі саяси реформалар, цифрландыру, адам құқықтарын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау ұранымен өтуі керек. Қазір осынау маңызды тарихи датаға орай көптеген салтанатты шара өткізетін уақыт емес. Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек,» — деді.
Шынында, Тәуелсіздік күні – маңызды тарихи дата. Оны той тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Себебі Тәуелсіздік – Тәңір берген тәтті сый. Осы 30 жыл ішінде Қазақстан күш-қуаты нығайып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы бар.
Егемен еліміз, сүйікті Отанымыз жыл сайын 16 желтоқсанда ұлттық мереке — Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Биыл, өкінішке қарай, әлемдік пандемия салдарынан салтанатты шаралар өтпеді. Дегенмен халқымыз үшін бұл күн мәні мен маңызын жоғалтпайды. Бұл күн әрбір отаншыл, патриот азаматтың жүрегінде от болып лаулап, еліне деген сүйіспеншілігін арттырып, болашаққа деген сенімін нығайта түседі. Себебі Отанды сүю – адамзаттың асыл міндеті, азаматтық борышы, өмірлік ұстанымы.
Отан – әрқайсымыздың дүниеге келіп, кіндігіміз кесілген, топырағына аунап өскен, ауасын жұтып, суын ішкен, тілінде сөйлеп, дінінен тәрбие алған туған жеріміз. «Отансыз адам — ормансыз құс» деп қазақ бекер айтпаған. Біздің Отанымыз — жер көлемі бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің бірі Тәуелсіз Қазақстан. Осындай керемет елді, кең байтақ жерді бізге Отан етіп берген, бізді осы елде жаратқан Алла Тағалаға сансыз шүкірлік айтайық.
Ескерту: Nur Otan партиясының Көксу аудандық Сайлау қорының қаражатынан төленді.