Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз білімді, ұқыпты және еңбекқор жұрт болуымыз қажет

Өткен әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр. Алғашқы он жылдық егемен Қазақстанның өз дербестігін қалыптастыру кезеңі болды. Екінші он жылдықта еліміз тұғырын нықтап, керегесін кеңейтіп, іргесін бекітті. Үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озды. Алдағы төртінші он жылдықта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр. Елімізді ілгері дамытып, әрбір азаматтың лайық тұрмысын қамтамасыз етуіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде.

Қасым-Жомар Тоқаевтың айтуынша, оны жүзеге асырудың басты жолы — тиімді басқару жүйесі.

Жолдауымда мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне баса мән бергенімді білесіздер. Осыған орай, нақты шаралар атқарылылып жатыр. Жаңғырудың жан-жақты болғаны жөн. Бүкіл халқымыз заман ағымына ілесе білуге тиіс. Өзгерістерге бейімделе алатын жұрт қана уақыт тынысын дөп басады. Біз білімді әрі білікті, ұқыпты және жауапты, іскер де еңбекқор жұрт болуымыз қажет. Ұлы Абай айтқандай, бұл — «толық адамның» айқын көрінісі. Бұған қоса, әркімнің жеке қасиеті мен мақсаты елдік мүддемен тығыз астасып, патриотизмге ұласуы керек. Сонда ғана мемлекетшіл идеясы басты құндылыққа айналады, — деді президент.