2020 жылдың 14 желтоқсанда сағат 04.30-да Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментіне Бейнеу ауданы аумағында орналасқан №464 айырығы ауданында №109 «Маңғышлақ-Ақтөбе» жолаушылар пойызының жүк тасымалдау вагоны жанғаны туралы ақпарат келіп түсті. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Өрттің басқа вагондарға таралуына жол бермеу мақсатында багаж вагоны жолаушылар вагонынан ажыратылды.
Өрт салдарынан 5 адам, оның ішінде 1 бала түрлі дәрежедегі күйік алды. Барлық зардап шеккен адам жүк вагонында болған. Олар Бейнеу ауылындағы орталық ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша өртке жүк вагонындағы газ баллоны жарылуы себеп болған. Сағат 07.19-да өрт сөндірілді, жүк вагоны толығымен жанып кетті.
Қазіргі уақытта Ішкі істер органдарының күші өртенген вагон қоршалды, сонымен бірге өрт себептері мен мән-жайларын анықтау үшін Маңғыстау облысы ТЖ департаментінің зерттеу өрт сөндіру зертханасы жіберілді. Сағат 09.18-те жолаушылар вагондары Ақтөбе станциясына жіберілді.