Бозжырадағы қонақүй құрылысы үшін басқа орын таңдалатын болды

Бұл туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Twitter-дегі парақшасында жазды.

Мағзұм Мырзағалиев Бозжыра шатқалындағы қонақүй салу жобасын қайта қарау туралы тапсырмаға сәйкес, Ақтауда ғалымдармен, биологтармен, шетелдік сарапшылармен, жергілікті қоғам қайраткерлерімен кездескенін жазды.

Ведомство басшысының хабарлауынша, барлығы туристік нысан тұрғызу өңір үшін аса маңызды деген ой айтқан.

Бірақ туризмді дамыту мен Бозжыра сияқты айрықша табиғи нысанның экожүйесін сақтаудың арасында тепе-теңдік болуы керек. Жобаның әлеуетін бағалап, кеңестерін беру үшін тәжірибелі сарапшылар мен ғалымдарды Бозжыраға алып бардық. Жергілікті қоғам белсенділері ғалымдармен бірге қонақүй салу өңірдің туризмін дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін керек деген ойды алға тартты. Сондықтан ғалымдар мен жергілікті қоғам өкілдерінің ұсынысымен қонақүй орны Жабайұшқан қаумалының сыртына ауыстырылатын болды. Инвестор компания өкілдері өз тарапынан жобаны жүзеге асыратын орынды қаумалдан тыс жерден таңдауға дайын екендерін жеткізді, — деп жазды министр.

Еске салайық, қараша айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра аумағында қонақүй салу жобасын қайта қарауды тапсырған еді.