Қазақстанда ағашты заңсыз кескендерге жаза күшейеді

Министрдің айтуынша, кейінгі кездері елдімекендерде ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою және зақымдау фактілері көп кездесіп жатыр. Осыған байланысты министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жазаны күшейтуге қатысты бірқатар шараны пысықтады.

Қазақстанның қызыл кітабына енген ағаштарды заңсыз кескендер, жойып, зақымдағандар компенсация ретінде 30 есе мөлшерде ағаш отырғызады. Сонымен бірге жеке және заңды тұлғаларға тиесілі нысандардың іргелес аумағында жасыл-желекті жойғаны үшін 10 есе мөлшерде ағаш отырғызады. Бұған дейін мұндай норма болмаған, — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен бірге Қызыл кітапқа енген әр ағашты заңсыз кескені үшін зиянды өтеу мөлшері 6 айлық есептік көрсеткіштен 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейін көбейді.

Мұндай әрекетті қайталағандарға да жаза күшейеді:

  • жеке тұлғаға — 10 айлық есептік көрсеткіштен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне — 30 айлық есептік көрсеткіштен 450 айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейін;
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне — 100 айлық есептік көрсеткіштен 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін.