Қасым-Жомарт Тоқаев Қарақат Башанованы жүлдесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қарақаттың өнері дүниежүзінің әр түкпіріндегі миллиондаған көрерменге ұнағанын айтты.

Қарақат Башанованы «Балалар Евровидениесі-2020» байқауында керемет өнер көрсетуімен құттықтаймын. Ол осы беделді халықаралық сайыста Қазақстанның абыройын асырып, жүлделі 2-орынды иеленді. Оның өнері әлемнің әр түкпіріндегі миллиондаған көрерменге ұнады. Қарақатқа жаңа шығармашылық табыс тілеймін, — деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де.

Еске салайық, 29 қарашада Польша астанасы Варшавада Junior Eurovision 2020 байқауы өтті.

Қарақат Башанова 12 қатысушының ішінде екінші болып өнер көрсетті. Ол 152 балмен екінші орын иеленді. Кәсіби қазылардан Қазақстан вокалисіне ең жоғары ұпай — 12 балды Грузия және Ресей берді. Ал Сербия, Беларусь және Мальта қазыларынан Қарақат 10 ұпай иеленді.

Бірінші орынды J’imagine деген ән орындаған Франция өнерпазы Валентина 200 ұпаймен жеңіп алды. Үшінші орынды Palante әнімен Испания әншісі Солеа алды, оның ұпайы – 133.

Қарақат Башанова қазақ және ағылшын тілдерінде жазылған Forever әнін орындады.  Әнші шығарманы марқұм әкесіне арнаған.