Аграрлық секторды озық технологияға икемдеуде Сайрам ауданы көш бастады. Импорттық техниканың баламасын жасап шығару ісі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қолдауын тапты. Сайрам ауданына жұмыс сапарымен барған облыс басшысы аталған зауыттың жұмысымен танысты.
«Kaspy Construction» ЖШС ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығарады. Егін алқабын жаңбырлатып суаратын құрылғыларды қолға алған кәсіпорын тас майлайтын, дақыл тазалайтын қондырғылар өндірісін жолға қойған. Суды үнемдеп, өнім түсімін төрт есеге дейін арттыратын жаңбырлатып суару техникасын жасап шығаратын кәсіпорынды Түркістан қаласынан да ашу көзделген.
Аймақ басшысы Ақсукент ауылдық округінде сұйытылған газ сақтайтын және сататын «Gaz Standart System» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Өндірісте Шымкент қаласы, Атырау және Қызылорда облыстық мұнай өңдеу зауыттарының шикізаты қолданылады. Облыс әкімі сапар барысында кәсіпорынның ішкі нарықты қамтамасыз етуін зерделеп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Өмірзақ Естайұлына аудандық коммуналдық салада атқарылып жатқан жұмыстар мен 12 елдімекенді табиғи газбен қамту мәселелері таныстырылды.