Түркістанда орталық қазандық биылдан бастап табиғи газбен жылыту ісіне көшті

 Қазіргі таңда «Жылу» МКК «Отырар» ықшамауданында 29 көпқабатты, I және II мөлтек ауданында 75 көпқабатты, 28 әлеуметтік бюджеттік мекеме мен 54 жер телімді үйді жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Орталық қазандық биылдан бастап қатты отыннан арылып, табиғи газбен жылыту ісіне көшкен. Ол үшін республикалық бюджеттен 750 млн. теңге қаржы қаралып, алматылық «ASI Building» ЖШС мердігер компаниясы құрылыс жұмыстарын жүргізді. Мұнда автоматикалық бақылау, жылу жүйесі, суды химиялық тазалау және сумен жабдықтау бөлімдері бар. Ал, «Отырар» ықшамауданында 2О19 жылдан бастап №2 және №3 қазандық бөлімшелері жұмыс жасайды.

2010 жылдан бері қара алтынмен жылу беріп келген мекеме қоймасында 1200 тонна көмір қоры сақтаулы. Көгілдір отынмен жылыту кезінде қандай да бір ақау болған жағдайда ескі қазандық пеші көмірмен жылу беруге резевке дайын.

Мекеме директоры Ерғазы Рысбековтың айтуынша, ұжымда жалпы штаттық кестеге сай 113 жұмысшы еңбек етеді. Оның ішінде 78 адам аусымдық жұмысқа жұмылдырылған. Жылу беру маусымы 149 күнге созылады.