Қара киімділер / Men in Black
Комикс жарияланған кезең: 1990-1991
Бірінші фильмнің шыққан жылы: 1997
«Қара киімділерді» АҚШ азаматы Лоуэлл Каннингем ойлап тапты, ал канадалық Сэнди Карратерс суретін салып шықты. Екі жыл ішінде бар болғаны алты саны жарық көрді, алайда оқырман ұната қоймады. Сұраныс болмағандықтан, оқиға жалғаспай қалған болатын. Бірақ Columbia Pictures оны байқап қалып, фильм түсіру туралы шешім қабылдайды.
1997 жылы шыққан фильм үлкен табыс әкелгендіктен, оригинал сюжеттің иесі – Marvel компаниясы киноәлем бойынша тағы бірнеше комикс жариялайды.
Осы ретте кинодағы «Қара киімділер» мен 1990-1991 жылдары шыққан шығарманың сюжеті бір-бірінен айтарлықтай өзгешеленетінін айта кету керек. Каннингем 1920 жылдары жарық көрген криминал әдебиеттен, нуар шығармалардан, хоррор оқиғалардан шабыт алған болатын. Сәйкесінше, комикс түріндегі «Қара киімділер» бөгде ғаламшарлықтарды аяусыз өлтіретін жандар жайлы еді. Агент Кей алды-артына қарамайтын жауыз ретінде суреттеледі, ал агент Джей ұйымға күштеп ендірілген болатын. Сондай-ақ комиксте фильмдегідей алуан түрлі қарыштап дамып кеткен қару-жарақ та кездеспейді.
Маска / The Mask
Комикс жарияланған кезең: 1989-2000
Фильм шыққан жыл: 1994
Dark Horse Comics баспа үйінің негізін қалаушы һәм суретші Майк Ричардсон 1982 жылы DC әлеміне кіретін зұлым Джокердің де, суперқаһарман Крипердің де қасиеттеріне ие кейіпкер концептін ойлап табады. Әуелі Маска туралы скетч қолдан жазылатын «APA-5» басылымының нөмірінде жарияланады, кейін суретші Марк Баджер ол жайлы бірнеше хикая салып шығады.
Алайда бұл кейіпкер жазушы Джон Аркуди мен суретші Даг Мэнкидің қолында түскенде барып, көпшілікке таныстырылады. Алдымен комикс 1989 жылы «Хаос» деген атаумен қағаз бетінде жарық көреді.
1991 жылы хикая жалғасын табады. Дәл осы шығарылым 1994 жылы премьерасы өткен, басты рөлді Джим Керри ойнаған «Маска» фильміне негіз болады.
Бірақ фильм сары костюм киген көңілді жігіттің басынан кешкендерін күлкілі форматта суреттейтін. Ал ересектерге арналған, атыс-шабысқа толы, қанды судай ағызатын қағаз-комикс сюжеті экрандағыдай емес, басқаша өрбіген болатын. Мәселен, комикс бойынша бас кейіпкер Стэнли Ипкисс күтпеген жерден басы жасыл, сойдиған дәу-дәу тісі бар Маскаға айналған соң бір кездері өзін ренжіткен адамдардан кек алу жолына түседі. Ақыры ондаған адамды өлтіреді, өзі де сүйгенінің қолынан қаза табады, ал маска түрлі жанның қолынан өтіп, алуан-алуан оқиға тудырады.
2000 жылы «Джокер/Маска» кроссовері жарияланды. Мұнда сиқырлы маска әйгілі Бэтменнің қас жауы, қатігез Джокердің иелігіне өткен болатын.
«Маска» комиксі осылай аяқталды.
Айтпақшы, 1994 жылғы фильмнен бөлек «The Mask: Animated Series» атты мультсериал және 2005 жылғы «Масканың ұлы» деген киносиквел де бар.
300 спарталық / 300
Комикс жарияланған кезең: 1998
Фильм шыққан жыл: 2007
АҚШ жазушысы, суретші Фрэнк Миллер мен колорист Линн Варли жариялаған бұл шығарманың негізінде – тарихта бар оқиға, әйгілі Фермопиль шайқасы сөз болады.
Комикстің пайда болуына 1962 жылы жарық көрген «300 спарталық» фильмі әсер етіпті. Бұл шығарманы Фрэнк Миллер кішкентай кезінде көрсе керек.
Әуелі «300» бес бөлімнен тұратын серия түрінде жарық көреді. 1999 жылы оның бәрі біріктіріліп, жеке комикс ретінде жарияланады.
«Тарихқа сай келмейді», «парсылар африкалықтарға ұқсап кеткен» деген секілді түрлі сынға ұшыраған бұл туындының негізінде 2007 жылы Зак Снайдер фильм түсіреді. Экранизация бірден шу тудырады, үлкен-кіші түрлі жүлде де алады, ал Спарта патшасы Леонидің «БҰЛ – СПАРТА!» («THIS IS SPARTA!») деген сөз интернет-мемге айналып кетеді.
Олдбой / Old Boy
Комикс жарияланған кезең: 1996-1998
Фильм шыққан жыл: 2003
Бұл – психологиялық триллер түрінде жарық көрген жапон мангасы. Комиксті Гарон Цутияның сюжеті бойынша суретші Нобуаки Минегиси салып шыққан болатын.
«Олдбой» еркектерге арналған Manga Action апталық журналында жарық көрді.
Сюжет бойынша жиырма бес жасар Синъити Готоны біреулер ұрлап әкетіп, түрмеге қамап қояды. Бас кейіпкер он жыл бойы тар бөлмеде теледидарға қадалып өмір сүреді. Ақыры бостандыққа шығып, өзін кім ұрлағанын, оған не себеп болғанын зерттей бастайды.
2003 жылы кәріс режиссері Пак Чхан Ук сюжетті айтарлықтай өзгерте отырып, аттас фильм түсіреді. Кинотуынды үлкен табыс әкеледі, тіпті Канн фестивалінің гран-приін ұтып алады. Осыдан кейін манга ағылшын, француз, испан, неміс, португад тілдеріне аударылады.
2013 жылы Оңтүстік Корея түсірген фильмнің америкалық ремейкі жарық көрді.
V деген Вендетта / V for Vendetta
Комикс жарияланған кезең: 1982-1989
Фильм шыққан жыл: 2006
Алан Мур жазған, ал Дэвид Ллойд суретін салған бұл графикалық роман 10 тараудан тұрады және 1980-1990 жылдардағы антиутопиялық Ұлыбританияны суреттейді. Сюжет бойынша өзін V деп атайтын құпия революционер халықты көтеріліске шақырып, ядролық соғыстан кейін билікке келген тоталитарлық режимнің түбіне жетпекші болады.
«V деген Вендеттаның» әуелгі бөлімдері ақ-қара түсте ағылшындардың Warrior журналында жарық көрді. Уақыт өте келе комикс бұл баспаның ең үздік шығармаларының біріне айналады.
Warrior 1985 жылы жабылып қалады. 1988 жылы DC Comics комикстің шығып үлгермеген екі бөлімін және оның сыртынан тағы 8 санын түрлі-түсті етіп жариялайды.
Гай Фокс маскасын киген кейіпкер көптің көңілінен шығып, 2006 жылы Warner Bros компаниясы ағайынды Вачовскилер сценариін жазған, басты рөлдерді Натали Портман мен Хьюго Уивинг ойнаған фильмді елге таныстырады.
Кинодағы мұртты маска комикс фанаттарының ашу-ызасын тудырды, алайда бұл деталь жаһандық антикапитализмнің, анонимустың символына айналды.