Америка экономисі Теодор Левитт «жаһандану-глобализация» сөзін ғылыми айналымға енгізгенде, дөңгеленген дүниедегі болашақта күтіп тұрған «аласапыранды» нақ біліп, болжап берсе керек. Расында, жаһандану сөзінің астарына үңілсек, бүкіл әлемдегі экономикалық, әлеуметтік және мәдени нормалар мен әдеттерді біріктіру процесі деген түсініктеме береді. Сөздің түп төркінінің өзі ағылшын тіліндегі «global» сөзі қазақша ғаламдану, жаһандасу, ғаламшарлану деп түсінеміз. Тарқата айтсақ, діңі мықты, ұлттық дәстүрі мен түбі тереңге кеткен мемлекеттер өз қалпын сақтап, кейбір әлсіз елдер біртіндеп өзіндік ерекшелігін, ұлттық болмысын жоғалтады және басқа мемлекеттердің мәдениетін қабылдайды. Бұл – ақиқат. Жаһандану – бұл қоғамның барлық аспектілерін қамтитын айтулы процесс. Біріншіден адамзаттың жан-жақты дамуын тездетеді, екіншіден, мәдениеті мен экономикасы бәсекелестікке төтеп бере алмайтын және жойылып бара жатқан кішкентай халықтардың басты жауына айналады. Ал, енді ұлттық дәстүріміз бен ділімізді ұлықтаған ұлтымыз бұнымен қалай күреспек? Тарқатайық айтсақ…
Жаһандану және экономика Начало формы
Жаһанданудың пайдасы да зияны да бар екенін сарапшылар үнемі айтып отырады. Расында жаһанданудың руханиятқа тигізер кесірі зор болғанымен, нағыз пайдаға шаш-етектен кенелтер саласы экономика мен индустриялық даму екенін ешкім жоққа шығармайды. Біздің еліміз де әлем айналдырған «диірменнің» бел ортасына барынша кірісуде. Жаһанданудың басты алғы шарттарының бірі бәсекелестік десек, бұл талқы таразысында да еліміз біреуден ілгері, біреуден төмен өз деңгейін көрсетіп үлгерді.
Былтыр жасаған дүниежүзілік экономикалық форумның баяндамасына сүйенсек, Қазақстан 2019 жылы «жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтінгінде» 55-ші орында тұр. Ресми ақпарат рейтингке барлығы әлемнің 141 елі қатысқанын растайды. Дүниежүзінің «менмін» деген елдерінің ортасынан ойып орын алған еліміз 2018 жылы 59-орында болды. Демек бір жылда 4 баспалдаққа көтеріліп отыр. Аузын айға білеген бәсекеге қабілетті елдердің көшін бастаған экономикасы мықты ел Сингапур алпауыт АҚШ-ты басып озды (2-ші орын). Ал, Гонконг – үшінші орында. Көшбасшылар бестігіне Нидерланды мен Швейцария да кіріп отыр. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі 103 индикатордан тұрады. Әр индикатор 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша бағаланады. 55 статистикалық және 48 сауалнамалық көрсеткіштен құралатын 12 фактор бойынша таразыланады. Институттар, инфрақұрылым, макроэкономикалық тұрақтылық, денсаулық, дағдылар, тауарлар нарығы, еңбек нарығы, қаржы жүйесі, нарық көлемі, бизнестің серпінділігі және инновациялық әлеует кең әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді қамтитын негізгі элементтер зеределенеді. Қаржы жүйесін бағалауда Қазақстан 104-орынға тұрақтап, төменгі көрсеткіш көрсеткен. Ал, еңбек нарығы (25-ші орын) мен бизнес динамикасы (35-ші орын) бойынша жоғары балл жинаған. Сондай-ақ «денсаулық» және «инновациялық әлеует» көрсеткіштері бойынша 95-орынға тұрақтап отырмыз.
Жаһандану және ақпараттық майдан
Елбасының өзі «Жаһандану дәуірінде сырттан ағылған ақпарат тасқынына біржола шектеу қойып жату мүмкін емес. Оның арасында жан дүниесіне жат сан түрлі мағлұматтар бар», – деп жастарды сақтандыруды ескертеді. Ақпараттық-коммуникациялық жаһандану бүгінгі үрдістердің ішіндегі аса ықпалдысы екеніне дау жоқ. Адам сенгісіз жылдамдықпен ілгері кеткен технологиялар коммуникациялық мүмкіндіктерді дамытып, ғарыштық кеңістікті ақпарат тарату айлағына айналдырып, жаhандық ақпарат желілерін ойлап тауып, оны тез дамытуымен ерекшеленеді. Расында пандемия кезінде ақпараттық технологияның, ғаламтор желісінің қызығын бизнес саласы көрді. Гаджеттер мен әлеуметтік желіні жақсы меңгерген тауар ұсынушы да, тұтынушы да еш қиналмады. Нәтижесінде бірқатар бизнес тоқтамай жүріп жатты.
Дүниежүзілік экономикалық форумының негізін қалаушы және президенті, белгілі экономист Клаус Шваб өзінің «Төртінші индустриялық революция» атты кітабында: «Рухани жаңғыру» кезеңінде де халықтан бірінші сұралатын міндеттемелердің бірі – бәсекеге қабілеттілік. Ал ғаламтор жаулаған, цифрлы қоғамда бәсекеге қабілетті азамат болу үшін, ең алдымен, жаңа сандық технологияларды еркін меңгерген азамат болуың шарт», – дейді.
Жаһандану және қазақ менталитеті
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады. Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы, – дейді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Ұлттық сананың беріктігі – мемлекет тұтастығы. Атадан балаға, ұлыдан ұрпаққа мирас боп қалатын тағылымы мен құндылығы һәм өзегі. Қазақ халқы басынан небір кезеңдерді өткергенде, ұлттық сана арқылы сақталған ұлттық рухы ел бірлігін сақтап, үнемі жеңіске жетіп отыруына сеп болған. Ендеше біз ұлттық болмысымыздан айрыламыз деп қорқуға еш негіз жоқ.
Жаһандану ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды сүзгіден өткізуге мәжбүрлейтіні сөзсіз. Бұл қазақтың «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген мәтелінің дәйектемесі. Кешегі халық ауыз әдебиетіндегі ертегі-аңыздардағы ұлт батырларының орнын «Дисней» мультфильмдерінің кейіпкерлері басқаны, парақтасаң өзіндік иісі шығатын кітаптардың өзі электронды кітапханаға енгені, газет-журналдардың таралымы азайып, сайттар мен ақпараттық порталдардың кең қанат жайғаны жаһанданудың өмірімізге етене еніп келе жатқанының айғағы.
«Өткеніңе бұрылмай, болашағыңды болжай алмайсың» деген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жасалды. Оған Республика бойынша 100-ден астам тарихи нысан жалпыұлттық деңгейде қасиетті орындар санатына кірсе, 500-ден астам ескерткіштер мен тарихи орындар жергілікті маңызы бар киелі нысандар қатарына кірді. «100 жаңа есім» жобасы, Түркі әлемінің бесігіне айналған Түркістанның жаңаруы, көне қалашықта үздіксіз жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары, Ұлы Жібек жолының жаңғыруы, бұл ұрпақ санасынан өшпейтін, мақтанышпен айтып-көрсететін іргелі жұмыстар. Бәрі де уақытымен өз нәтижесін берген кезде, жаңғырудың жаңа сатысына көтерілеріміз анық.