ICT Solutions Kazakhstan 2020 байқауы Қазақстанда алғаш рет елдің жетекші университетімен серіктестікте басталды. Жоба АКТ экожүйесі арқылы жас таланттарды қолдауға және қоғамның нақты мәселелерін шешу құралы ретінде салаға қызығушылықты арттыруға бағытталған. Қатысушылардың міндеті — заманауи технологияларды қолдану арқылы қоғамның өзекті және әлеуметтік маңызды мәселелеріне шығармашылық шешім табу.
Huawei — ең жылдам дамып келе жатқан технологияларға негізделген АКТ шешімдерінің халықаралық деңгейдегі жетекші провайдері. Халықаралық беделге ие компания ретінде біз әлеуметтік жауапкершілікті сезінеміз және таланттарды белсенді қолдаймыз. Huawei-де жас мамандарды қолдауға бағытталған бағдарламалардың тұтас сериясы бар — ICT Сompetition, Seeds for the future, Honor Cup. Соның ішінде ІCT Solutions Kazakhstan байқауы — әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірге Қазақстанда алғаш рет өткізіп отырған жаңа форматтағы шарамыз. Көп жұмыс істелді. Соған орай жаңа технологиялардың көмегімен әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге баға жетпес үлес қосуға дайын серіктестер мен жобаға қатысушыларға алғыс білдіргім келеді, — деді Huawei Technologies компаниясының PR менеджері Айман Сахова.
ICT Solutions Kazakhstan 2020 үш кезеңмен өтті. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша байқауға жіберілген 228 өтініштің 42 жобасы келесі кезеңге жіберілді. Екінші турда қатысушылар жобаның идеясы мен әлеуметтік әсерін сипаттайтын бейнеролик дайындап, ашық дауыс беру платформасына орналастырды. Ең көп дауыс жинаған 13 қатысушы үшінші турға өтті. Онда грант қаражатын бөлуді ескере отырып, бизнес-жоспарларын ұсынды. Финалистердің жобалары жоғары технологиялар, денсаулық сақтау және туризм сияқты салаларды қамтыды.
Байқаудың қорытынды кезеңі онлайн форматта өтті. Қатысушылар қазылар алқасының назарына жобаларын ұсынды. Шақырылған сарапшылардың арасында «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының директоры Айгүл Қасымбек, «Қазақтелеком» АҚ жетекші сервис менеджері Владимир Ли-Шань-Шин, «ДиолСтоун» стоматология емханасының директоры Диас Қасенов және «Beeline Қазақстан» даму бөлімінің бастығы Серікбол Рахметов болды.
Барлық жоба жақсы таныстырылды. Бағалау кезінде IT-технологиялармен байланысы, инновация, әлеуметтік маңызы және шығармашылық сияқты көптеген фактор ескерілді. Біз барлық сарапшы мен әділқазы мүшелерінің пікірін тыңдап, объектив таңдау жасауға тырыстық. Бұл жоба қатысушыларды жаңа идеяларға ынталандырады және оны қала мен ел игілігі үшін жүзеге асыруына көмектеседі деп сенемін, — деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ радиотехника, электроника және телекоммуникация кафедрасының меңгерушісі Марғұлан Ибраимов.
Байқау жеңімпазы Алматы қаласындағы №15 гимназияның оқушысы Тимур Қырбасовтың «Қала тарихын зерттеу» жобасы болды. Жобаның идеясы — тарихи фактілерді дыбыстық ескерту жүйесі және қоғамдық көлік экрандарындағы және қаладағы аялдамалардағы визуал ақпарат арқылы тұрғындарға ерікті формада жеткізу.
Ақпарат есту және көру арқылы есте сақтау қабілетімен тұрғындардың жадында сақталмақ. Адам қоғамдық көлікке мінген кезде аялдаманың аты берілген тұлға немесе орын туралы мәлімет естиді және экраннан суретін көреді. Мысалы, Зенков көшесіне келген былай естіледі: «А.П.Зенков — сәулетші, оның Алматыдағы әйгілі ғимараттарының бірі — бірде бір шегесіз салынған «Вознесенный собор», — деп түсіндірді жарыстың финалисі, №15 гимназия оқушысы Тимур Қырбасов.
Байқауда екінші орынды Тұран колледжінің студенті Әлиасқар Тынышбектің елдегі протездеудің қолжетімсіздігі мен қымбатшылығы мәселесін шешуге бағытталған «Қазақстан Республикасындағы 3D протездеу» жобасы иеленді. Әзірлеушілердің айтуынша, олар жасаған протездер иесінің импульсін лезде өлшейтін жүйемен және протезді басқаруға арналған бұлшықет кернеуін оқитын EMG модулімен жабдықталады.
Будапешт технология және экономика университетінің студенті Бернар Сапарәлидің Clever Crutch жобасы үшінші орын иеленді. Clever Crutch — мүгедектерге жүруге көмектесетін инновациялық таяқ. Ол бірнеше модульден тұрады, соның ішінде объектіге дейінгі қашықтықты анықтауға және соғылып қалмауға көмектесетін ультрадыбыстық сенсор және объектінің күйін анықтайтын акселерометр құрылғысы бар. Егер таяқ немесе адам құлап қалған жағдайда GSM модулі дәрігерге және мүгедектің қамқоршысына объектінің нақты геодеректерімен сигнал жібереді.
Байқау жеңімпазы идеяны жүзеге асыруға 1 000 000 теңге көлемінде грант алды. Екінші және үшінші орын алған қатысушыларға 500 000 теңгеден берілді. Топ-10 оқушы мен студент Huawei-ден Smart Bracelet алды. Ақтық кезеңнің барлық қатысушысы Huawei мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың естелік сыйлықтарымен марапатталды.