Басты бетЖаңалықтарЗейін Әліпбек:...

Зейін Әліпбек: Ауыл партиясының Парламентке кіруі заңды әрі әділетті

Зейін мырза, не себепті Ауыл партиясын таңдадыңыз?

Бүгінде елімізде көмекке, қолдауға мұқтаж болып отырған аймақ — ауыл, ауыл халқы. Қаладан сәл ұзап шықсақ, біраз уақыттан бері хал-күйі өзгермеген ауыл басталады. Түптеп, түйіндеп келсек, көп ауылда ауыз су тапшы, жолы нашар, байланыс жоқ немесе нашар, медицина мекемелері тозған, маман тапшы. Ауылда жұмыссыздық көп. Осындай мәселелерге қарап отырып, қоғамға бір пайдам болса, ауылға жақсылық ете алармын деп ойладым. Солайша, осы партияға мүше болдым. Басқа партияның да өз бағыты, ұстанымы бар. Дегенмен ауыл ұмыт қалып жатыр.

Партия мүшелері Парламентке кірсе, қандай жұмыс атқарады?

Зейін Әліпбек. Фото жеке архивінен

Партия бағдарламасы бұған дейін көпшілікке таныстырылды. Партия бағдарламасын бір сөзбен түйіндейді — Ауыл партиясы Қазақстанның жаңа даму моделін ұсынады. Бірнешеуіне тоқталайық. Партия азық-түлік қауіпсіздікгі туралы заң жобасын жасауды ұсынып отыр. Бұл мәселе — әлі де кенже қалып отырған нағыз аграрлық салаға қатысты дүние. Ауылшаруашылығы өнімінің түсімі аз. Президенттің ауыл шаруашылығы өнімін 2,5 есе арттыруға қатысты тапсырмасы бар. Менің ойымша, ең құрығанда сол орындалуы керек. Шартты түрде, бізде бидайдың бір атызынан 10-11 центнер өнім алсақ, шетелдерде 40-50 центнер алады. Олар аз тер төгіп, көп өнімге ие болып отыр. Бізде де сондай нәтиже болудың жолын жасау керек.

Партия әлемеуттік салаға көп көңіл бөліп отыр. Оның ішінде, жоғарыда айтып өткенімдей, ауылдың жай-күйі, ондағы халықтың күнделікті тұрмысын жақсарту кіреді.

Қазақ халқының мәдени құндылығы мен дәстүрін қорлауға тыйым салу туралы заң жобасын ұсынып отырмыз. Мұнда алты мәселе қарастырылған. Соның ішінде маған журналист ретінде ұнағаны — бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тіліндегі контентті арттыру. Одан кейін қазақ тілінің тек формальды түрде қолданылуын доғару. Біз ресми шарада да, іс-қағаздар жүргізгенде де тек мемлекеттік тілді қолдануды ұсынып отырмыз.

Ауыл партиясы қандастар мәселесін де көтерді. Қазақстанға қоныс аударушы қандастардың елге келгенде кезігетін бар проблемасын жан-жақты шешетін кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынып отыр. Бұл бағдарламаның бірнеше пункті бар. Соның ішінде қандастарды жұмыс күші артық аймақтардан еңбек күші тапшы өңірлерге көшіріп, олардың тұрғын үй мәселес, білім алу, жұмысқа орналасу мәселесін шешетін бағдарламаны іске асырамыз.

Алдағы сайлаудан не күтесіз?

Сайлаудан Ауыл партиясы көп дауыс жинап, Парламентке кіруін күтемін. Себебі бұл партияның Парламенттен орын алғаны, ең әуелі, ауыл тұрғындары үшін қажет. Ауыл мәселелерін журналистер көтереді, ара-арасында там-тұмдап жазылады. Даулы болып, көпшілік аузына ілінген аз-маз мәселе шешіліп қалады да, қалғаны қалып қоя береді. Ал партия Парламентке барар болса, ондай мәселелерді заң аясында түпкілікті шешетін үлкен шаралар қабылданады. Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылда тұрады. Қарап отырсақ, біздің партия тек ауыл халқының мәселесін көтереді. Парламентте халықтың жартысына жуық азаматтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын партияның болуы заңды әрі әділетті деп есептеймін.

Менің түсінуімше, бұл сайлау бұрынғыдан өзгеше болады. Өйткені қазір қоғамның талабы күшейіп, көзқарасы өзгеріп жатыр. Енді бұрынғы сүрлеу жүйемен жүретін уақыт қалып барады.

Пікіріңізге рақмет!

Айта кетейік, Қазақстанда Парламент Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарының сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарында өтеді. Бұл туралы қазан айында Президент үндеуінде айтылды. Ал сайлауалды үгіт-насихат 2020 жылдың 4 желтоқсанынан бастап жүргізіледі. Бұл сайлау Парламент сайлауы болып жүрген 16 жылда алғаш рет мерзімінен бұрын емес, өз уағында өтейін деп отыр.