Таэковондошы Эльдар Білімбай әр әйел өз-өзін қорғаудың бірнеше тәсілін білуі керек деп есептейді. Себебі қаскүнем адам шабуылдаған кезде ол жалғыз қалуы мүмкін.
Көшеде қорғану тәсілін көбіне айкидошылар үйретеді. Меніңше, қазір кез келген қыз таэковондошы, айкидошы сияқты спортшыдан кем дегенде 1 ай сабақ алуы қажет. Себебі қорғану тәсілдерін интернет арқылы үйрену қиын, ал көшеде жалғыз жүру қауіпті, — дейді ол.
Эльдар қылмыскер кенет шабуыл жасаған жағдайда мынадай шараларды қолдануға кеңес береді:
1. Қашу
Ең әуелі, мүмкіндік болса, қашуға тырысыңыз. Қаскүнем подъезде болса, төменгі қабатқа жүгірген дұрыс. Ал пәтердің ішінде шабуылдаса, дереу ол жерден шығып кеткен жөн. Көшеде тиіссе, адам көп жүретін, жарық әрі ашық орынға қашу керек.
2. Сұраған затын беру
Кейде қылмыскер қашуға мүмкіндік бермейді. Оның көздегені әмиян, сөмке, банк картасы, сақина сияқты бағалы заттар болса, ойланбастан сұрағанын берген жөн. Себебі бұл дүниенің бәрі адам өмірінен құнды емес.
3. Қорғану
Барлық қылмыскердің қалағаны бағалы заттар болмауы мүмкін. Егер ол агрессия көрсетуін тоқтатпаса, қорғану қажет.
Қылмыскер арт жақтан шабуылдаса, не істеу керек?
Егер қаскүнем иығыңыздан түртсе, бұрылып, қолынан қатты ұстап алу қажет.
Осыдан кейін бірден екі аяғының ортасын тебіңіз.
Соққы алған қылмыскер еңкейіп қалады. Сол кезде бетінен тіземен тебу керек.
Мойыннан қылқындыра бастаса, не істеу қажет?
Шабуылдаушы арт жақтан келіп, мойыннан қылқындыра бастаса, өкшемен шабуылдаушының аяғынан қатты басу керек.
Аяғына ауыртпалық түскен қылмыскер бірден еріксіз қолын жібереді. Сол сәтте айналып, қылмыскердің бетінен жұдырықпен ұру керек.
Шаштан тартса не істеу керек?
Кей қыздар шашты жайып жүреді. Кей қылмыскер үшін бұл — әйелге шабуыл жасаудың бір жолы.
Шабуылдаушы шаштан тартқан жағдайда, оң жақ беттен бұрылып, тізенің арт жағын тебу керек. Себебі ол — адамның ең нәзік, сезімтал жері.
Бұл тәсілдер қылмыскерге уақытша төтеп беруге ғана көмектеседі. Сондықтан мүмкіндік туа сала, бірден қашып, полицияға хабарласқан дұрыс.
Таэквондошы қыздарға сақтық шарасы үшін өзімен бірге газ баллонын алып жүруге кеңес береді. Бірақ оны сатып алмас бұрын полиция бөлімшесіне барып, рұқсат қағазын алу қажет.
Қыздар сөмкедегі айна, тарақ, кілт сияқты заттарды да қару ретінде қолдана алады. Ең бастысы, адамның жанды жеріне, нәзік дене мүшелеріне соққы беру қажет. Бұл қылмыскерден қашып құтылуға уақыт береді.