Бала кезі. Лақап аты — «Бай-бай»

Джозеф Байден 1942 жылдың 20 қарашасында Пенсильванияның католик отбасында дүниеге келді. 10 жасқа толғанда оның отбасы Делавэр штатына көшіпті. Әкесі көлік сатумен айналысқан. Джозеф  — отбасындағы төрт баланың тұңғышы.

Бала кезі
Джоның бала кезі. Фото: Wikipedia.com

Джо кішкентайынан тұтығып сөйлеген екен. Соның кесірінен католик мектебіндегі сыныптастары оны «Бай-бай» деп мазақтапты. Бұл кемшілігін жою үшін ол ежелгі грек шешені Демосфен секілді аузына тас толтырып сөйлеп, дайындалатын. Ал сабақ кезінде дауыстап айту керек сөздерді жаттайтын. Сонымен бірге ол спортпен шұғылданыпты. Соның арқасында мектепте танымал болған. Тіпті, сынып президенті ретінде сайланған екен. Бұл Джозефтің алғаш президент атануы болатын.

Сотқар студент Джо

Джо Байден колледжді аяқтаған соң Делавэрдегі университетке оқуға түседі. Онда ол жатақхана комендантына өрт сөндіргіштің көбігін шашып, сотқар студент атанады. 1965 жылы оқуды тәмамдап, тарих және саясаттану мамандығы бойынша диплом алып шығады. Үш жылдан кейін Нью-Йорктегі Сиракуз университетінде заң ғылымдарының докторлығын қорғайды.

Студент
Сол жақтан екінші тұрған Джо Байден. Дереккөз: Delawareonline

Сол жылы Байден өзінің сүйіктісі Нелия Хантермен танысып, отау құрады. Бір қызығы, ол болашақ жарының анасымен алғаш кездескенде, «Алға қойған мақсатың қандай?» деген сұраққа «Болашақта президент боламын» деп жауап берген екен.

Алғашқы қызметі

1968 жылы Байден 6 ай бойы Уилмингтондағы атақты тұлға Уильям Прикетт басқарған заң фирмасында қызмет етеді. Демократ партиясының белсенді мүшесі болды. 1970 жылы Нью-Кастс штатының кеңесіне сайланды. Бір жылдан кейін құқық саласындағы өз компаниясын құрады.

Ең сәтті әрі қиын жылы

1972 жылы Делавэр демократ партиясы 30 жастағы адвокат Джо Байденді республикашыл Калеб Боггсқа қарсы АҚШ сенатына кандидат болуға шақырады. Сайлау нәтижесінде Джо жеңіске жетіп, Америка тарихындағы ең жас АҚШ сенаторы атанды.

Алайда дәл осы жылы әйелі Нелия мен бір жасар қызы Наоми жол апатынан қаза табады. Екі ұлы Бо мен Хантер да ауыр жарақат алады.

Жол апаты орнынан. Фото: TRTWORLD

Бұл жыл – Байден үшін ең сәтті әрі қиын кезең еді.

Джо Байден
Әйелі мен баласы. Фото: TRTWORLD

Осы қайғыға қарамастан ол Делавэр халқының алдындағы жауапкершілікті сезініп, балалары жатқан ауруханада сенатор ретінде алғашқы антын береді. 36 жыл сенатор болып жұмыс істейді. 1974 жылы оның есімін  Time журналы «келешекте есімі тарихта қалатын 200 сенатордың» қатарына енгізді.

Джо Байден
Джо Байденнің ант беру сәті. Фото: TRTWORLD

Ер кезегі – үшке дейін

Осы уақытқа дейін Джозеф Байден өзін президент мансабынан үміткер ретінде үш мәрте ұсынып үлгерген. Ең алғаш 46 жасында кандидат болды. Бірақ «лейборист партиясының лидері Нил Кинноктың 1987 жылы айтқан мәтінін қолданды» деген айыппен сайлаудан шығып қалады.

Екінші рет 2008 жылы бағын сынайды. Бірақ Барак Обама мен Хилари Клинтонның мықты қарсылас екенін мойындап, үміткерліктен өз еркімен бас тартады. Үшіншісі талпыныс — 2020 жылдағы сайлау.

Саясаты

Джозеф Байден НАТО-ның Кеңес Одағына кірген елдерді қамтитындай кеңейтілуін талап еткен болатын. Сонымен қатар 1990 жылы алғашқы Шығанақ соғысына және Иракқа басып кіруге қарсы шыққан. Алайда 2003 жылы екінші Шығанақ соғысы кезінде басқаша көзқарас ұстанған. Сонымен бірге Байдан — Ливиядағы соғысқа қарсылық танытқандардың бірі.

Екінші рет шаңырақ көтеруі

Джо екінші әйелі Джиллмен ағасы ұйымдастырған кездесуде танысады. Сөйтіп 1977 жылы Джо Байден мен Джилл Джейкобс шаңырақ көтереді. Олардың Эшли есімді қызы бар.

Джо Байден
Жұбайы Джиллмен бірге. Фото: TRTWORLD

Жұбайы Джилл ағылшын тілінен сабақ берген. Бір қызығы, күйеуі вице-министр қызметін атқарып жүрген кезде де ол колледжде дәріс беріп, күйеуінің мансабына қарамастан жұмыс істеп жүрген ең алғашқы «екінші леди» атанады.

Денсаулығы

1988 жылы дәрігерлер Джо Байденге ми-қан тамырларының аневризмасы деген диагноз қояды. Соған байланысты саясаткер екі рет ота жасатқан.

Джо Байден
Джо Байден. Фото: Rbc.ru

Балмұздақ жақсы көретін Джо

Джо Байден алкоголь ішпейді, темекі шекпейді. Есесіне балмұздақты сүйсініп жейді. Үш жыл бұрын Cornell Dairy компаниясы өздері шығарған балмұздаққа осы саясаткердің есімін берген екен. Бұл – Big red, white and Biden атты ваниль шоколады.