Басты бетҚоғамАқмола облысының...

Ақмола облысының орталығында блокпост қойылады

Вице-премьер өңірдегі эпидемиология жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізді. Ералы Тоғжановтың айтуынша, қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 деректері 2,7 есе көбейген.

Ведомствоаралық комиссия төрағасы эпидемиология жағдайын тұрақтандыру мақсатында 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап Көкшетау қаласының периметрі бойынша блокпост орнатуды тапсырды.

Сонымен бірге

  • күн сайын 10-нан астам дерек тіркелген елді мекендерге санитарлық блокпост орнатуды;
  • Көкшетау-Алматы, Көкшетау-Ақтау бағыттары бойынша әуе қатынасын аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін қысқартуды;
  • Көкшетау-Қызылорда бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқартуды;
  • жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына тыйым салуды (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда);
  • діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;
  • жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орындық объектілер үшін есептік орындардың 50%-інен аспайтын жағдайда сағат 8.00-ден 21.00-ге дейін, жұмыс режимін қысқарта отырып шектеуді;
  • жұмыс күндері сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, көлемі 500 шаршы метрден астам азық-түлік емес дүкендердің жұмысын сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін шектеуді;
  • стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесті қамтамасыз ететін жұмыскерлерін қоспағанда, облыс елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23.00-ден сағат 06.00-ге дейін шектеуді;
  • 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медицина бұйымдарын сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;
  • қызметкерлердің кемінде 80%-ін қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді;
  • офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды тапсырды.