Шаһардағы «Оқушылар сарайы» ғимаратының алдына орнатылған Абай Құнанбайұлының бейнесін мүсінші тереңінен аша білген. Ескерткіште басында тақия, иығына шапан жамылған Абай қолына кітабын қысып ұстаған күйі терең ой үстінде ілгері қадам басып келеді. Демеушілер есебінен жасалған екі ескерткіштің де авторы – мүсінші Гүлфия Мелдеш. Ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мүсіндері монументалды стильде жасалған.
Ресми шарадан соң ҚР Мемлекеттік хатшысы бастаған делегация «Оқушылар сарайын»»аралап көріп, өнер ордасының жұмысымен танысты.
Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің ескерткіші жаңадан бой көтерген «Облыстық драма театр» алдына қойылды. Салтанатты рәсімде сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қасиетті қаладағы іс-шараны ұлы даланың ұлағатты тұлғаларына тағзым ету мақсатында атқарылып жатқан игі іске балады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Түркістан дербес облыс ретінде өркендеп, тарихи шаһар жасарып, жаңаруда. Түркістан бар қазақтың басын қосып, ел болып бәтуа жасаған тарихи алқап. Осы екі рухани тұлғаға арналған ескерткіштердің рухани астанамыз Түркістанда тұруы әрине заңдылық, әрине қажеттілік. Өйткені бұл ескерткіштер жаңа тәуелсіздік заманында біздің рухани жаңғыруымызға қолдаушы әрі куәгер болады деген үміттен шыққан ниет, шара, – деді Мемлекеттік хатшы.
Ал облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев өркениет көшіндегі әйгілі ойшылдардың мерейтойы қатар келген биылғы жылдың еліміз үшін елеулі жылға айналуын атап өтті.
Біз бұл тойларды Мемлекет басшысы айтқандай, ысырапшылдықпен емес, ынсап пен тәлім-тәрбиенің төңірегінде атап өтудеміз. Бұл – дұрыс шешім. Биылғы жылдың ауыр болғанына қарамастан біз ұлт руханиятына берері мол, рухани-мәдени бағыттағы біршама жұмыстар атқардық. Елеулі еңбектің бірі – бүгінгі тұғырға қонған бабаларымыздың бейнесі. Абай мен Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіштері жаңарған Түркістанның өміршең келбетін қалыптастыруға оң ыңпалын тигізеді, деп сенемін, – деді облыс әкімі.
«Облыстық драма театр» алдында орнатылған ұлы ойшылдың керемет бейнесі жан-жақты даралықта жеткізілген. Қоладан құйылған қос ескерткіштің биіктігі 4 метр, салмағы 1,5 тонна. 3,5 метрлік тұғырға орнатылған. Салтанатты рәсімде «Әл-Фараби» күй – поэмасының тұсауы кесілді.
Айта кетелік, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев бастаған арнайы делегация сондай-ақ, Отырар ауданындағы қайта жөндеуден өткен Әл-Фараби естерткіші мен «Даңқты бабалар саяжолы» аллеясында болды.