Қазақстандағы мектептердің 99%-іне бейнебақылау орнатылған, ал 6 971-інде мектеп ішіндегі дәретхана бар.
Ведомствоның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Асхат Аймағамбетов мектепте дәретхана бола тұра оқушыларды далаға жіберуге жол бермеу керек екенін айтты.
Балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне байланысты мәселе болғандықтан мұндай маңызды сұрақты «ұсақ мәселе» деп қарастыруға болмайды. Өткен жылы еліміз бойынша 2 700 мектепте дәретхана болмаса, бүгінгі таңда 2 456 мектепте жылы дәретхана салынды. Бұл ретте сапа мәселесін де назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Мектептерде дәретханаларды іске қосып, бірақ оларды жауып қойып, оқушылар даладағы дәретханаларға барып жүретін жағдайға жол бермеуіміз керек. Облыстық білім басқармаларының басшылары бұл мәселені қатаң бақылауға алуға тиіс, — деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Қазақстандағы мектептердің 99%-і бейнебақылау орнатылған. 2018 жылы бұл көрсеткіш 75% болған.
Білім беру ұйымдарын бейнебақылау камераларымен қамту мәселесі де маңызды. Бүгінгі таңда камералармен қамту көрсеткіші 99%-ке жетіп отыр. Дегенмен атқарылған жұмыстың саны емес, сапасы маңыздырақ. Білім және ғылым министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бұйрықтарына сәйкес, білім беру ұйымдарын бейнекамералармен қамту бойынша нақты талаптар қойылған. Орнатылған бейнебақылау камералары барлық талапқа сай болуға тиіс, — деді Асхат Аймағамбетов.