«Хакер» (Anonymous) фильмінің дистрибьюторы – Sony Picture халықаралық компаниясы. Кинокартина қаңтар мен наурыз айларының аралығында Ұлыбритания, Франция, Италия, Австралия және Латын Америка елдерінде шығады. Фильм продюсері Санжар Сұлтановтың айтуынша, компаниямен келіссөздер жарты жыл бойы жүргізіліп, келісімге қол қойылған. Енді осы елдердегі көрермендер режиссер Ақан Сатаевтың картинасын тамашалай алады.

Ал қазақстандық кинотеатрларда фильмді 1 желтоқсаннан бастап көруге болады. Айта кетейік, 28 қарашада Instagram әлеуметтік желісінде флешмоб басталып кетті. Қазақстан эстрадасының әртістері «Аккаунт бұзылды. Толығырақ 1 желтоқсанда» деген жазбамен суреттер жариялады. Осылайша олардың кейін картинаның прокатқа шығуына осылай қолдау білдіргені белгілі болды.

Әли Окаповтың инстаграмы

Картина Қазақстанда бір рет көрсетілген. Фильм 2015 жылы «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің шымылдығын ашты. Ақан Сатаев сұхбаттарында өз картинасын қазақстандықтарға көрсеткісі келетінін, бірақ картинаның жарыққа шығу процесінің 2 жылға созылып кеткенін бірнеше мәрте айтқан болатын.

«Хакер» — Ақан Сатаевтың шетелдік көрерменге арналған тұңғыш фильмі. Фильмнің түсірілім жұмыстары Торонтода, Нью-Йоркте, Гонконгте және Бангкокте 2014 жылы өткен болатын. Басты рөлдерде америкалық актерлер Каллэн МакОлифф және Лоррейн Николсон (Джек Николсонның қызы) ойнайды. Тимур Жақсылықов пен Санжар Сұлтанов жазған сценарийде кредит карталары арқылы алаяқтық жолмен ақша тапқан хакердің өмірі туралы баяндалады.

Дереккөзtengrinews.kz

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!