Қызылордада 1000-ға жуық отбасы баспанамен қамтылады

Биыл 75 тұрғын үйдің мыңға жуық пәтері халық игілігіне пайдалануға беріледі, 1946 пәтерден тұратын 98 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 815 пәтерлі 20 үй сатып алу құқығынсыз жалға берілсе, 755 пәтерлі 68 үй кредиттік және 10 тұрғын үйдің 376 пәтері жеке компания есебінен салынады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов мәлімдеді.

Облыста тұрғын үй кезегінде 30 мың азамат бар. Оның 12178-і — әлеуметтік жағынан осал топтар, 3484-і — көпбалалы отбасылар, 11979-ы — мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшісі және 204-і үйі апатты жағдайда тұрған азамат, 2194-і — жетім балалар. Сонымен қатар жеке тұрғын үй құрылысы үшін ашылған жаңа тұрғын үй аумақтарын инженерлік коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында 19 жобаның құрылысы жүріп жатыр, — деді ол.

Бұған қоса, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында облыс бойынша кезекте тұрған 30 азаматтың төлемі расталып, 5 отбасы баспаналы болды.