Бала кезде Құдайға көзқарасым негативке толы болды
Мұның барлығы бала кезден басталды. Отбасым дінді қатты ұстанбайды, дегенмен бір Аллаға сенеді, өздерін мұсылман деп есептейді.
Өсе келе көп адамнан «Мұсылман отбасыда тусаң, сен де мұсылмансың», «Біз — Алланың құлымыз», христиандардан «Мы рабы божьи» деген пікірлерді жиі ести бастадым. Бірақ бұл сөз, бұл ой маған ұнамайтын. Түпкі мәнін түсінбейтінмін және онымен келіспейтінмін. Себебі, мен өмірге келгелі еркіндік пен бостандыққа ие екенімді сездім. Кез келген нәрседе өз таңдауымды жасай аламын. «Өз моралім мен критерийіммен дами алатын болсам, неге біреудің құлы болуым керек? Неге мен біреудің таптаурын ойымен жүруім керек?» деп ойладым. Осылайша, белгілі бір құдайға деген көзқарасым негативке толы болды. Ешқандай құдайға сенбеймін деп шештім.
Уақыт өте келе кітаптан, интернеттен жалпы дін, әлем, жаратушы жөнінде іздене бастадым, оны зерттеуге тырыстым. Оқи келе, бір тылсым күштің басқаратынын түсіндім. Бірақ басқалар сияқты оны тек бір құдаймен байланыстыра алмадым. Содан кейін өзімді агностик деп санадым.
Таро картасымен келешекті болжағанымда, артымнан шайтан сыбырлап тұрмайды
16 жасымда құрбым екеуіміз картамен бал ашуға қызықтық. Бір қызығы, сол кездегі болжамымыздың дәл келгенін байқадық. Қызығушылығымыз артты, кейін таро картасына кәсіби түрде көштік. Міне, 5 жылдан бері тароны жетік меңгеріп, ол арқылы адамдарға ақыл-кеңес беріп, болашағын болжап, қиын мәселесін шешуге көмектесіп келемін. Қазір бұл менің хоббиім мен табыс көзіме айналды.
Таромен айналысып жүрген кезде атеист болдым.
Адамдардың проблемасын шешкенде, келешегін айтқанда, артымнан шайтан сияқты біреу сыбырлап тұрмайды. Тарода 78 карта бар. Соның бәрінің мән-мағынасын, бір-бірімен байланысын оқып, үйрендім. Сол себепті мен болжауымның бәрі таза білімімнің арқасында келеді деп білдім.
Маған көмектесетін тылсым күштің барын сездім
Бір жыл бұрын таромен қатар скандинавия дәстүріндегі руна инструментін қолдануға көштім. Оны кезінде викингтер пайдаланған екен. Рунамен қалай жұмыс істеу керек екенін толық үйрендім. Қазір ол арқылы адам жанын тазалаймын, бас ауруын емдеймін. Рунамен айналысқалы маған көмектесетін білімнен бөлек бір тылсым күштің барын сездім. Сонда ғана жаратушылардың көп екенін және олармен байланыста екеніме нақты көзім жетті. Политеизмге осылай келдім.
Байқағаныңыздай, дінге келгенде құбылмалы адаммын. Бірақ бұл ісімді қате деп есептемеймін. Адамның ойы, көзқарасы, мінезі өзгеруі керек. Керісінше, бір ойдан ажырамайтын, басқа түсінікті қабылдай алмайтын жандардан қорқу қажет. Оларда даму болмайды.
Құдайдың көп екені тарихта жазылған
Өмірде көп құдай бар екенін тарихтың өзі дәлелдеп тұр. Кезінде Орта Азия, Түркия шекарасында өмір сүрген адамзат тәңіршілдікке сенген. Жерге, күнге, суға сыйынған. Қиын-қыстау кезеңде олардан көмек сұраған және ол өтініші жауапсыз қалмаған. Міне, теория және тәжірибе жүзінде де бірнеше құдайдың бары дәлелденіп тұр.
Мұсылмандар бір Аллаға сенсе, славян дәстүрінде Мара, Велигор, Перу құдайлары, ал Скандинавия дәстүрінде Тор, Один, Фрейя сияқты құдайлар бар. Буддизмде олардың мыңдаған түрі кездеседі. Мен олардың ешқайсысын жоққа шығармаймын. Тіпті жаныма жақын деген жаратушылармен байланысып, тілдесемін.
Бір қызығы, жақында ғана кезінде ата-бабамның арасында көріпкел, емшілер болғанын білдім. Меніңше, маған бұл қасиет генетика тұрғысынан сол кісілерден дарыды.
Жаныма жақын құдайлардан көмек сұраймын
Адамдар көбіне денсаулық, қарым-қатынас және қаржы мәселесі бойынша іздеп келеді. Таро картасы арқылы оларға көмектесе аламын ба, жоқ па — соны қараймын. Қолымнан келсе, проблеманының түпнегізін тауып, оны шешуге тырысамын.
Политеист, экстрасенс екенмін деп барлық құдаймен байланысып отырмаймын. Ритуал кезінде жаныма жақынмен құдайлармен тілдесемін, олардан көмек сұраймын. Олар маған күш, энергия, белгі береді.
Құдаймен тілдескенде бұйыруға болмайды. Ең әуелі оларға алғыс айтып, түрлі сыйлық ұсынамын. Содан соң барып қана көмек сұраймын. Бірден бұйымтаймен келсең, олар сені жазалауы мүмкін.
Кей танысым ішіме жын кірді деп ойлайды
Алғашқыда университетте бірге оқитын достарым менің ұстанымымды, айналысып жүрген ісімді қабылдай алмады. Тіпті ішіме жын кіріп кеткен немесе олармен байланыста деп ойлады. Кейбірі мені адам эмоциясын басқарып, олардың ойына әсер ететін психолог дейді. Бәлкім, тек жасөпірімдер көмек сұрап келсе, солай ойлауға болар да еді. Бірақ ересектер де көмекке жүгінеді және бірде-бір көмегім нәтижесіз қалған жоқ. Болжамым орындалады, бәрі дән риза болып кетеді. Мұны байқаған таныстарымның да маған деген ойы өзгере бастады.
Отбасыма келсек. Алғашқыда әжем қарсылығын білдірді, кейін үйреніп кетті.
Меніңше, олар мені ислам діні тұрғысынан ғана сынап отыр. Өзге дінді мойындағысы келмейді. Тіпті «Мұсылмандардан басқа ешкім жұмаққа бармайды» деген пікірлері де бар. Мен онымен келіспеймін. Әлемде исламнан басқа дін көп. Олардың өз наным-сенімі, көзқарасы, таңдауы бар. Оған кез келген адам құрметпен қарауы қажет.
Адамның тәні мен жанын емдейтін медицина орталығын ашсам деймін
Қазір Асфендияров атындағы медициналық университтеттің 6-курс студентімін. Интерн-дәрігермін. Таро сеансы кезінде университетте алған білімімнің біраз пайдасы тиді. Мәселен, бір кісі денсаулығының нашарлағанына шағымдануы мүмкін. Мен таро арқылы оның жүрегі ауыратын білемін. Кейін оның симптомдарына қарап, жүрегіне нақты не болғанын айтамын. Бірақ мен оларды емдемеймін. Бас ауруын емдегенім болмаса, қалғанын ауруханаға барып, емделуге кеңес беремін. Қазірше, адам емдеуге құдай тарапынан маған рұқсат жоқ.
Келешекте өз медицина орталығымды ашқым келеді. Онда білікті, білімді дәрігерлерді және мен сияқты қасиет пен қабілеті бар адамдарды жұмыс алсам деймін. Бұл орталық адамның жанын да, тәнін де емдейтін болады.