Армения мен Әзербайжан қақтығысы: 550 армян азаматы қайтыс болды және жараланды

Операция күні соңында алынған барлау мәліметтері бойынша Арменияның 22 танкі мен басқа броньды техникалары, 15 «ОСА» зенит-зымыран кешені, 18 пилотсыз ұшу аппараты және сегіз артиллериялық қондырғы жойылған. Армения әскерінің үш оқ-дәрі қоймасы әртүрлі бағытта жойылды.

Оған қоса, Арменияның десант-шабуыл батальоны командирі подполковник Лерник Бабаян қаза тапты. Ол басқарған әскери бөлімнің жеке құрамы көп шығынға ұшырады.

Азербайжанның Қорғаныс министрлігі бойынша Армения жақ шындықты көпшіліктен жасырып отыр.

Айта кетейік, 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта армяндар мен әзербайжандар қақтығысты. Осыған  байланысты ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараны қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырды.

Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы ақпанда, Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзербайжан КСР құрамынан шығатынын жариялағанда басталған болатын. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыс кезінде Әзербайжан Таулы Қарабақ пен оған іргелес жатқан жеті ауданды бақылаудан шығарып алды. 1992 жылдан бері жанжалды бейбіт реттеу бойынша ЕҚЫҰ-ның Минск тобы шеңберінде Ресей, АҚШ және Франция тең төрағаларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Әзербайжан өзінің аумағы тұтас болғанын талап етеді, ал Армения мойындалмаған республиканың мүддесін қорғап отыр.