Басты бетМедицина"Уақыты жоқ"....

«Уақыты жоқ». Бағдат Қожахметов министрдің брифингіге қашан шығатыны туралы

Бағдат Қожахметовтің айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері және Алексей Цой журналистер сұрағына жауап беруге әрқашан дайын.

Министрмен күнделікті кездесемін. Сіздерден ешкім қашқақтап жүрген жоқ. Министр қатысатын алдағы жоспарлы баспасөз конференциясы Орталық коммуникациялар қызметінде 1 қазанда болады. Естеріңізде болса, өткен аптада 30 қыркүйекте болады деп едім. Бүгін кестесі бойынша қарасақ, 30 қыркүйекте ол кісі Мәжіліс, Сенат, Үкімет отырысына қатысады екен. Өкінішке қарай, уақыты жоқ. Бірақ 1 қазан күні, бейсенбіде кез келген сұрақтарыңызға жауап береді, — деді ол.

Бағдат Қожахметов «Алексей Цой ескі команданы өз кадрларына ауыстырып жатыр. Осындай қиын кезде бұлай істеуге не себеп болды?» деген журналист сұрағына жауап берді.

Министрліктің ресми өкілінің айтуынша, Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігінде жұмыс істеп жүрген бірде-бір маманға «Жұмыстан кет, сен маған ұнамайсың» деп айтпайды.

Неге десеңіз, ол мүмкін емес. Ал енді өз еркімен жұмыстан кетемін деген қызметкерлер болса, оны қалай жұмыста қалдырады? Бір вице-министрдің үстінен құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғап, қазіргі уақытта тұтқынға алды. Оны қалай қалдырады? Ал қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі басшылығына, вице-министр, департамент басшылығына келген азаматтар — бұрыннан медицина саласында жұмыс істеп жүрген кісілер. Келесі аптада, бейсенбіде министр келген кезде сұрақты өзіне тікелей қоюыңызға болады. Басшылық қызметіне қойған мамандар туралы жауап беруге дайын, — деді Бағдат Қожахметов.