Алматы облысының Қарасай ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілді

Кешен мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынған. Басты мердігер — «СК «Элитстрой проект» ЖШС. Нысанның аумағы 1,6 гектарды алып жатыр. 2019 жылдың қазан айында құрылысы басталған ғимараттың бой көтеруіне 1 миллиард 782 миллион 785 мың теңге қаражат бөлінген.

Кешен үш блоктан тұрады. 1-блок күрес және бокс түрлерімен айналысуға, жаттығу сабақтарына арналған әмбебап залдан тұрады. Онда келушілер еркін күрес, грек-рим күресі, дзюдо, самбо, қазақша күрес, бокс, тай боксы немесе муайтай, боди-билдинг, кроссфит сынды спорт түрлерімен айналыса алады.

Амандық Баталов
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

2-блок екі қабатты жертөлені де қамтиды. Жертөледе техникалық, киім шешетін бөлмемен жуынатын жер орналасқан. Одан бөлек, би және сауықтыру гимнастикасының әртүрлі түрлері бойынша сабақтар өткізуге арналған зал бар. Сондай-ақ, үстел теннисі бойынша сабақтар өткізуге жағдай жасалған. Кір жууға арналған орынды да жертөледен кездестіруге болады. Сонымен қатар, вестибюль-галерея, ресепшн, күзет және бейнебақылау бөлмесі, тамақтану орны, киім шешетін бөлмелер, жаттықтырушылар бөлмелері сынды маңызды бөлмелер орын алған. Екінші қабатта әкімшілік бөлмелері, конференц-бөлмелері жайғастырылған. Бұл қабатта тұғындар шахмат, дойбы, тоғыз құмалақ, би, сауықтыру гимнастикасының әртүрлі түрлері, үстел теннисімен алаңсыз шұғылдануға мүмкіндік алады.

3-блокқа келетін болсақ, шағын футбол, волейбол, гандбол ойындарына арналған 325 орындық трибунасы бар әмбебап залды көруге болады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарда назардан тыс қалмаған. Блокта ерекше күтімді қаждет ететін жандарға арналған 6 орын қарастырылған.

Амандық Баталов
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қоршалған аумағында күндізгі және түнгі уақытта футболмен айналысуға арналған жасанды жабыны бар футбол алаңы, балалар ойнайтын жер, тренажерлер орналасқан. Ғимарат аумағында 91 орынға лайықталған автотұрақ жасақталған.

Нысанға кіре берісте шлагбаумы бар күзет бекеті, көше сағаттары, орындықтар орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған демалыс аймақтары да бар.

Баршаға ортақ қуаныштың іске асуы Президентіміздің Халыққа Жолдауында айтқан бұқаралық спортты дамыту, туған жерін көркейту керек деген бастамасының жолға қойылғандығының айқын көрінісі болып табылады.

Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар спортқа қолдау көрсетуі өскелең ұрпаққа қызмет еткені деп түсінеміз. Осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған СК «Элитстрой проект» құрылыс компаниясының төрағасы, меценат Бекзат Сарманов және Қайрат Оразбековқа ризашылығымызды білдіреміз, — деді өңір басшысы Амандық Баталов.

Кешен заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда аудан жұртшылығы үшін спортпен айналысуға барлық мүмкіндік жасалынған.

Амандық Баталов
Фото: Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жыл сайын дене шынықтыру мен спорт саласын дамытуға бөлінетін қаржы көлемі артып, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. Оған дәдел, бір ғана Алматы облысында дәл осындай тағы 6 кешеннің қолданысқа берілуі болмақ.

Алдағы уақытта жаңадан ірге тасы қаланған нысанда республикалық және халықаралық деңгейде жарыстар өткізіледі деп күтілуде. Дәл осы еңселі ғимараттан, еліміздің намысын қорғайтын, еңсесі биік жас спортшылар шығады деген сенім мол.