Арал ауданындағы ауылдар мобайл интернетке қол жеткізді

Осы бағытта ауданға қарасты Жіңішкеқұм ауылдық округі, Тоқабай елді мекеніне Beeline операторы арқылы байланыс орнатылып, мобайл интернетке (3G) қол жеткізілді. Қазіргі таңда қалған елді мекендерде мұнара орнатуға қажет жер телімдерін рәсімдеу бойынша жұмыстар аяқталып, операторлар тарапынан монтаждау жұмыстары басталды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев алыстағы ағайыннан тікелей хабар алысуына мол мүмкіндік туған Тоқабай ауылына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп қайтты.

Жұмыс сапарында аудан басшысы Тоқабай елді мекеніне кіреберіс 2 шақырым жолдың жөндеу жұмыстарын да бақылап өтті. Жол жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер «СтандартОйлКЗО» ЖШС өкілдерімен кездескен аудан әкімі жүктелген міндеттерді сапалы әрі талапқа сай жүзеге асыруды тапсырды.

Сонымен қатар ауданға қарасты тұзшылар мекені – Жақсықылыш кентіне ат басын бұрған аудан әкімі №19 мектебіне қосымша 100 орындық оқу корпусын салу жұмыстарымен танысты. Құрылысқа жауапты мамандарға нысанның есік-терезелерін орнату жұмыстарын жеделдетіп, ішкі әрлеу жұмыстарын уақытылы қолға алу керектігін ескертті. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді басты назарда ұстауды тапсырды.

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын «Самат-Мұнай» ЖШС-гі жүзеге асырып жатыр.