Үйде отырып жұмыс істеу немесе кәсіппен айналысу офис яки арнайы орын жалдауды талап етпейді. Сондай-ақ ақша үнемдеуге, кей бюрократиялық талаптарды аяққа тұрып кеткен соң барып қолға алуға мүмкіндік береді.  Ә дегенде үлкен қаражат та керек емес, аздаған ақшамен бастап кетуге болады.

Жануарларға киім тігу

Кесте тігіп, тоқыма тоқып, мата қия алатын өнеріңіз болса, осы қабілетпен қаражат таба аласыз. Көпшілік сатып алып жататын киім, көрпе, перде және тағы басқа бұйымдарды кез келген уақытта дайындап, клиенттерге ұсынуға болады. Ал жануарларға арналған киім және галстук сияқты аксессуарлар әзірлесеңіз, тіпті жақсы. Мұндай дүниелер матаны көп қажет етпейді, қызығатын тұрақты аудиториясы бар әрі бағасы әжептеуір қымбат болып келеді. Бұл кәсіп қалада сұранысқа ие деп айтуға болады. Оның үстіне үйде жануар ұстау сәннен қалған емес, яғни клиент қашанда болады.

Электронды шақыру, прайс-лист, түйіндеме және визитка дайындау

Иллюстрация, инфографика жасаумен бұрыннан айналыссаңыз, бұл — өте тиімді кәсіп. Техниканың дамуына байланысты бұрын қағазға басып шығаратын нәрсенің бәрін қазір электрон түрде дайындап, Интернеттің көмегімен тиісті жерге жіберуге болады. Сондықтан хабарландыру мен ақпаратты визуал түрде бере алатын адамға сұраныс жоғары. Дизайннан хабарсыз болсаңыз да, тегін немесе онлайн курс, марафондарға қатысып, тез үйреніп алуға болады.

Ағаштан ойыншық және ыдыс жасау

Пластиктің адамға, қоршаған ортаға зиян екені жиі айтылады. Бұған көзі жеткен, экодүниелерді қош көретін азаматтар тарапынан табиғи өнімге деген сұраныс артып келеді. Жекелей алғанда, табиғи материалдардан жасалған баланың ойыншығына немесе тамақ салатын ыдыс-аяққа деген қызығушылық бар. Ағаш ойып, бұйым жасайтын қабілетіңіз болса, осындай дүние жасап, сатуды ұсынамыз. Ағаш пластик емес, біраз уақытқа шыдайды. Әрі қомақты ақшаға өткізе аласыз.

Сүт-айран, ірімшік сату

Қала маңында жер үйде немесе ауылдық жерде тұрсаңыз және мал ұстасаңыз, оның сүтін кәсіпке айналдырған жөн. Өзіңізден артылып жатса, бекер ысырап болмайды, оның үстіне табиғи сүт өнімдерін сатып алуға әзір аудитория да үлкен. Тек айран-сүтпен шектелмей, клиентке басқа да қызмет түрін ұсыныңыз. Мысалы, май, қаймақ, ірімшік, сүзбе және құрт жасап, сатуға болады. Мұндай табиғи өнім айран-сүттен қымбат тұрады. Жақын орналасқан дүкенге апарып, тауар ретінде ұсынуға да мүмкіндік бар.

Call-орталық қызметі

Пандемия сall-орталық қызметкерлері үйден де жұмыс істей алатынын көрсетті. Ол үшін телефон, компьютер және құлаққап болса жеткілікті. Мұндай жұмыс істеу үшін әуелі нақты компанияға немесе ұйымға жұмысқа кіру тиімді. Кейін бірнеше жоба бойынша оператор ретінде қызмет көрсетіп, тұрақты жалақы алып отыруға болады.

Жеміс-жидек пен шоколадтан букет дайындау

Кейінгі жылдары адамға керек нәрсенің бәрінен букет, бокс жасау трендке айналды. Тіпті шұлық пен жұмсақ ойыншықты да сәндеп, пайдалы сыйлық ретінде беруге болады. Ал жеміс-жидек пен тәттіден букет жасап, сыйлау адамның көңілін көтереді. Мұндай нәрсені қолға алсаңыз, букетті өз фантазияңызбен құрастырып, сәндей бересіз.

Психологиялық кеңес беру, біліктілікті арттыру

Психология саласынан біліміңіз бар болса, сұраныстағы маманның бірімін деп есептей беріңіз. Үйде отырып-ақ адамдарға жеке онлайн кеңес беруге болады. Бұл бағыта әлеуметтік желідегі парақшаңызды дамыту көп көмектеседі. Психологиялық білім болмаса, өзіңіз маманданған салада басқалардың біліктілігін арттыруды, нақты жағдайға қарай кеңес ұсынуды (мысалы, дұрыс тамақтану арқылы арықтау марафонын ұйымдастыру) қарастырып көрсеңіз болады.

Тағам дайындап, сату

Өте қарапайым естілуі мүмкін. Бірақ жұмыстан қолы босамай, кешке келетін қонағына ештеңе пісіріп үлгермейтіндер мұндай қызметке әрдайым жүгінеді. Торт пен бәліш пісіру қазір сәнде. Бірақ өзгелерден ерекшелену үшін одан басқа тағам түрлерін пісіріп, сата аласыз. Мысалы, пеште пісірілген ет, пицца, суши және түрлі печенье.

Жазу

Қазіргі заманда кәдімгі мәтін жазу арқылы біраз салада жетістікке жетуге болады. Себебі XXI ғасыр — ақпарат заманы. Арнайы сайттар мен газеттерге материал жазу, әлеуметтік желідегі копирайтинг, студенттерге арнап диплом мен басқа да жұмыстар жазу, өлең шығару, кітап жазуға көмектесу, одан қалса мәлімет аудару және мәтін редакциялау, тіпті ақпараттың рас-өтірігін анықтау — жақсы табыс табуға мүмкіндік беретін қызметтер. Оның үстіне мұндай жұмысты тек үйде емес, кез келген жерде істей аласыз.

Той-жиынға арналған бонбоньер, сыйлық

Карантин болса да, қыз ұзату мен үйлену тойларында «жұғысты болсын» деп берілетін сыйлықтарды жасап, жаңа кәсіп ретінде қолға алуға болады. Себебі той-жиынның бәрін шағын етіп үйде өткізіп жатқан адам көп. Ал мұндай сыйлыққа идея да жетеді. Фантазияңызды қосып, тәтті мен айна-тарақ сияқты майда-шүйденің бәрін тойға арнап сәндеп, ұсынуға болады.

Бұл тауарларды қайда жарнамалауға болады?

  • Әлеуметтік желі, сайт, онлайн платформалар арқылы
  • Арнайы дүкендерге ұсыну арқылы
  • Көшеге, ғимарат қабырғаларына жарнама ілу арқылы
  • Сайт, газет-журнал, телеарнаға жарнама беру арқылы