Президент Қарағанды облысының әкіміне жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс Қасымбектің жыл басынан бергі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы  есебін тыңдады.

Мемлекет басшысы қайта өңдеу және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өндірісіндегі оң өзгеріс, астық жинау науқаны туралы мәлімет алды.

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымына дайындық және Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру барысы, тұрғын үй және инфрақұрылымдық құрылыс туралы айтып берді.

Президентке облыстағы коронавирус инфекциясының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары, пандемияның болуы ықтимал екінші толқынына дайындық жағдайы да айтылды. Жеңіс Қасымбек медицина инфрақұрылымдары мен дәрігерлерді даярлау жұмыстары туралы айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірге инвестиция тарту және басқа да аймақты дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді.