Қарды уақытылы тазаламаған кәсіпорындар 6,7 млн теңге айыппұл төлейді

Алматы учаскелік инспекторлары екі күнде  қар мен көктайғақ мұздың уақытында тазаланбауынан қаланы абаттандыру ережесін бұзған 808 фактіні анықтады. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Осыған байланысты 13 кәсіпорынға 6 миллион 744 мың 780 теңге айыппұл салынды. Құқық бұзушылықтың бұл түрі үшін заңды тұлғаларға 30 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

«Сонымен қатар, 1 100 ұйымға қаланы абаттандыру қағидаларын бұзбау туралы ескерту жасалды. Енді бұл міндеттемелердің орындалуын бірге бақылайтын боламыз. Пәтер иелері кооперативтері төрағаларын өздеріне бөлінген аумақты ретке келтіруге, тұрғын алаптарын қар мен мұздан тазартуға шақырамыз. Осылайша, заң талаптарын қатаң сақтаудың, қауіпсіздік пен азаматтардың жайлылығының алғышарттары құрылды. Сараптама қорытындысына сәйкес, көптеген мекемелер, кәсіпорындар мен ұйымдар маңайындағы аумақты тазарту шараларын жүргізбеген. Учаскелік полиция инспекторлары мен табиғатты қорғау полициясы күштері осындай рейдтік шаралар жүргізуді әлі де жалғастырады», — деп мәлімдеді Алматы қ. ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы , полиция подполковнигі Жасұлан Байкенов.

ДереккөзҚазАқпарат