Бәйдібек ауданындағы жылыжай жылына 800 тонна өнім шығармақ

Жылыжайдың жылдық қуаты – 700-800 тонна. Кешенде 60 адам жұмыспен қамтылады. 2019 жылдың тамыз айында құрылысы басталған жоба биыл толық аяқталып, жұмысын бастайды.

Бұған қоса, жылыжай кешенімен іргелес жатқан «Бекет Тынысбаев» серіктестігі 2013 жылдан жылыжай кешенімен айналысып келеді. Бұл — аудандағы алғашқы құрылған жылыжай шаруашылығы. Жалпы аумағы — 50 сотық. Онда қазіргі таңда 12 адам жұмыс істейді. Жылына екі өнім алады. Алғашқы өнімге қызанақ егіп, 50 сотық жерден 48 тонна өнім алған. Оны серіктестік иесі Амина Сыздықова аудан мен Шымкент қаласына 150 теңгеден саудалаған. Екінші өнімге қияр еккен. Жылыжай жылына 70 тонна өнім алып отыр.

Бәйдібек ауданында ауыл шаруашылығы саласында 2539 құрылым бар. Атап айтқанда, 2161 шаруа қожалық, 128 өндірістік кооператив, 249 жауапкершілігі шектеулі кәсіпкерлік жұмыс істейді. Жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі — 539 129 гектар. 2020 жылдың 8 айында ауданда 17 миллиард 333,5 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген.