Биыл отандық мақта өндірісінің қордалы мекеніне айналған күнгей облыста мақтаның түсімі жаман емес. Жаз басында су тасқынының кесірі тигенімен, диқандардың Жер анадан алар несібесі кемімепті.

Биыл облыс бойынша 125,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан 331 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған. Облыста мақта өсірумен 25 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізіп отыр. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентауда мақта терім науқаны басталды. Өнімділігі гектарына 25 центнерден болып отыр.

Жетісай мақтасы
Фото автордан

Бүгінде Жетісай ауданы Талапты ауылындағы «Алтын» шаруа қожалығы өз иелігіндегі 15 гектар аумақтың 5 гектарынан арнайы терім машинасымен 11 тоннадай мақта жинады. Қожалық төрағасы Қуанышбек Ауашов мақта жинауды ертерек бастау өнімді жерде қалдырмай, толық жинап алуға септігін тигізетінін тілге тиек етті.

Жетісай мақтасы
Фото автордан

Былтыр Жетісай ауданы бо­йынша 46 655 мың гектарға мақта егіліп, одан 122 мың тонна өнім алынған болатын. Биыл мақта алқабы 48 943, 8 мың гектар бол­ған, ал одан шамамен 125 мың тон­на өнім жинау болжанып отыр.

Ынтымақ ауылдық округінің жалпы жер көлемі — 6 683,5 гектар. Оның ішінде 4 664 гектарына мақта егілген. Биылғы меже — өнімді жерде қалдырмай толық жинап алу. Бұйырса, мол өнім аламыз деп отырмыз. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасына сәйкес округте 20 комбайн мақта терімі науқанына дайын, — дейді Ынтымақ ауылының әкімі Марат Жұрқабаев.

Жетісай мақтасы
Фото автордан

Мысалы күзгі дала жұмыс­тарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агро­құрылымдарға бір литрі 161-163 теңгеге беріліп жатыр. Ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәліметінше, қолда бар 457 мақта теретін ком­байнның 92%-і науқанға дайын.

Жетісай мақтасы
Фото автордан

Қазіргі таңда Мырзашөл өңіріндегі ең ірі зауыт­тардың бірі саналатын «Мырзакент мақта зауыты»  елімізді мақта тал­шығымен қамтамасыз етіп, өнімін шетелге де экспорттап жатыр. Мақтаарал ауданымен қатар көр­шілес Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарының да мақ­тасын қабылдап, өңдейтін зауыт жыл сайын бірнеше мыңдаған шаруа қожалығына егіс нау­қаны кезінде техникадан да жәр­дем беріп келеді. Егетін шитті тұқы­мына дейін дайындайды. Алып кәсіп­орынның өндірістік қуат­ты­лығы жоғары, заманауи жаңа қон­дырғылармен жабдықталған.

Бүгінде кәсіпорын жұмыс­шы­лары мен қызметкерлері зауыт­тың Мақтаарал ауданындағы 14, Жетісай ауданындағы 12 және Шардара ауданындағы алты мақ­та қабылдау бекеттерінде өнім қа­былдауға дайын отыр. Зауыт жа­нындағы мақта қабылдау беке­тін­­дегі қырманға мақта үйетін 10 транспортер мен мақта жинайтын 11 қондырғы жөндеуден өткен. Ал мақта қабылдайтын аймақ әкте­ліп, сырланып тазартылған. Сон­дай-ақ мақта таситын «МТЗ-80» маркалы 29 трактор мен оған ар­нал­ған тіркемелер жөнделген.

Жетісай мақтасы
Фото автордан

«Биыл 50 мың тонна «ақ алтын» қабыл­дауды жоспарлап отырмыз», — дейді кәсіпорын басшылығы. Көктемде Шардара ауданында жоба қуаты жылына 50 мың тонна, жалпы құны 5 475 миллион теңге болатын International Company of Cotton ЖШС мақта өңдеу зауыты іске қосылған. Кәсіпорын бір жыл ішінде мақта талшығына 144 мың тонна мақта өңдей алады. 47 мың тонна мақта талшығы өнімдерін Қытайға, Сингапурға және Өзбекстанға экспорттау жоспарланған.