Ең көне сперматозоид

Science Alert жариялаған ақпаратқа сәйкес, палентологтар кәріптас (янтарь) кесегінен 100 миллион жыл бұрынғы шәует жасушасын (сперматозоид) тауыпты. Бұл – әзірге белгілі ең көне еркек жыныс жасушасы. Ол Жер бетінде шамамен 540 миллион жыл бұрын пайда болған, әлі күнге жоғалмаған бақалшықтылар класына жататын шаянтәрізді тіршілік иелеріне тиесілі.

Табылған 39 бақалшықтыны (остракод) зерттеп, рентген және томография жасаған ғалымдар әлдебір ұрғашы жәндіктің көбею мүшесінде шәует жасушасы сақталғанын көрген.

Ұрғашы остракод денесіндегі шәует жасушасы. Wang et al., Proceedings B, 2020

Острокод сперматозоиды салыстырмалы түрде ұзын болып келеді және жәндік денесінің үштен біріне тең болуы мүмкін. Жасуша еркек жәндіктің бойында қозғалыссыз жатады, ал ұрғашының ағзасына түскенде жиналып, аналық жасушаны ұрықтандырады.

Мұндай жаңалық үлкен сәттілік саналады, себебі сперматозоид секілді жұмсақ тін сақтала бермейді, сақталса да, миллиондаған жыл өзгеріссіз қалуы екіталай.

Ал кәріптас қалыптаса бастағанда, байқамай түсіп кетіп, жабысқақ ортадан шыға алмай қалған жануар-жәндік палеонтологияда керемет материал саналады.

Коронавирус пандемиясының болашағы қандай?

Ливандағы Бейрут Американ университетінің ғалымдары COVID-19 коронавирус инфекциясының қоңыржай климаты бар елдерде маусым ауруына айналатынын болжап отыр. Алайда ол үшін ұжым иммунитеті қалыптасуы керек деп жазылған Frontiers in Public Health журналында жарияланған мақалада.

Зерттеушілер тұмау вирусын және салқын тигізетін өзге коронавирустарды зерттеп, қоңыржай ауа райы бар елдерде бұл патогендердің қыста ғана жаппай таралатынын, алайда тропик аймақтарда жыл бойы күшінде болатынын анықтады. Яғни вирустың ауада, заттардың бетінде тіршілік ету қабілеті, сондай-ақ адамдардың инфекция жұқтыруы белгілі бір маусым кезіндегі температура мен ылғал деңгейіне байланысты.

Жаңа коронавирусқа қарсы иммунитет дұрыс қалыптаспағандықтан, оның жұғу қарқыны да жоғары болмақ. Сондықтан әзірге ол жаз әлде қыс екеніне қарамастан қауіпті патоген болып қала береді. Тек қоғамда ұжым иммунитеті толық қалыптасқан соң барып, жылдың белгілі бір кезеңінде ғана өршіп отыратын ауруға айналады дейді ғалымдар.

Шолпанда тіршілік белгісі табылды

Ғалым Джейн Гривз басшылық ететін астрономдар тобы 2017-2019 жылдар аралығындағы Шолпанды зерттеу нәтижесін таныстырып, планета бетінен 53-61 шақырым биіктікте фосфин бар екенін анықтады деп жазылған Nature Astronomy журналында жарияланған мақалада.

Газдың нақты қайдан және қалай шығып жатқанын әлі ешкім білмейді, алайда 2030 жылдары ғарышқа ұшатын «Венера-Д» планетаралық станциясының бір мақсаты осы құбылыстың табиғатын зерттеу болмақ.

Дегенмен, фосфиннің табылғаны үлкен дүрбелең тудырып отыр. Себебі фосфин газы (PH3) тасты экзопланеталардағы биосигнатура (тіршілік белгісі) саналады. Ол микроағзалар өндіруі мүмкін. Бұл болжам расталса, Шолпанның бетінде белгілі бір көлемде микроб секілді организм өмір сүреді деген сөз.

Күннен екінші жатқан Шолпан – өте ыстық планета. Атмосфера қысымы Жерден ондаған есе жоғары. Су буы мен оттегі жоқ десе болады, есесіне күкірт жетіп артылады. Бұл ақуызды ағзалардың өмір сүруіне мүмкіндік бермейді, алайда экстрим ортаны елей бермейтін микроағзалар күрделі химия реакцияларының есебінен планета атмосферасының жоғарғы қабаттарында өмір сүруі мүмкін.

Антинобель жүлдесі табысталды

Гарвард университетінде Антинобель немесе Игнобель (Ig Nobel Prize, «ignoble» – ұятты) жүлдесі тапсырылды. Бұл премия ғылымдағы ең абсурд және күмәнді жетістіктер бойынша беріледі.

2020 жылы «Акустика» жүлдесін Австрия, Швеция, Жапония, АҚШ және Швейцария ғалымдарынан тұратын топ алды. Олар гелиймен байытылған ауасы бар герметик камерада қытай аллигаторының ұрғашысы қандай дыбыс шығаратынын зерттеген.

Бейбітшілік жүлдесі Үндістан мен Пәкістан үкіметтеріне берілді. Бұл екі мемлекеттің дипломаттары түн ортасында бір-бірінің үйіне келіп, қоңырауды басып, қашып кетеді екен.

Медицина бойынша бас сыйлық мизофиния деген ауытқудың жаңа түрін анықтаған Нидерланды мен Бельгияның ғалымдарына тапсырылды. Біреу бірдеңе шайнағанда адамның жыны ұстаса, оны осы мизофиния деп атауға болады.

Экономика жүлдесі он елден шыққан халықаралық топқа бұйырды. Бұл ғалымдар түрлі елдегі ұлттық табыс теңсіздігінің орташа деңгейі мен сүйісудің арасындағы байланысты зерттепті.

Физика саласындағы жүлдені украиналық Иван Максимов пен Андрей Потоцкий алды. Олар жоғары жиіліктегі дірілдің (вибрация) жауынқұртқа қалай әсер ететінін анықтады. Тәжірибе вибрация кезінде бұл тіршілік иелерінің түрлі өрнек түрінде ирелеңдейтінін көрсетіпті.

Материалтану бойынша АҚШ пен Ұлыбритания зерттеушілері бірінші орыннан көрінді. Олар адамның қатқан нәжісінен жасалған пышақтың сапасы нашар болатынын дәлелді.

Психология жүлдесін өз-өзін жақсы көретін нарцисс адамды оның қас-қабағына қарап білуге болатынын анықтаған канадалық Миранда Джакомин мен АҚШ ғалымы Николас Рул алды.

Энтомологияда (жәндіктану) АҚШ ғалымы Ричард Веттер озық шықты. Веттер энтомологтардың көбі өрмекшіден қорқатынын анықтаған.

Менеджмент саласындағы жүлде Қытайда сотталған бес киллерге бұйырды. Олардың «жетістігі» мынау: адам өлтіру туралы тапсырыс алған Си Гуан-Ан ақшаның бір бөлігін алып қалып, өзінің орнына Мо Тян-Сянды жалдаған. Мо Тян-Сан да қолын былғағысы келмей, Ян Кан-Шеннің қызметіне жүгінген. Ян Кан-Шен тапсырысты Ян Гуан-Шенге қарай ұзатқан, ол өз кезегінде Лин Сян-Сиді жұмсаған. Ақыры бесеуі де қолға түсіп, тапсырыс орындалмай қалған.

Антинобель жүлдесін 1991 жылы Марк Абрахамс пен «Таңғажайып зерттеулер анналы» журналы тағайындаған еді.

Сауд Арабиясында 120 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның ізі табылды

Сауд Арабиясы аумағынан, шамамен 120 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның ізі табылды. Бұл Homo sapiens-тің қазіргі Араб түбегіне ғылым ойлағаннан әлдеқайда ерте келгенін білдіреді.

Science Alert жазуынша, ғалымдардың халықаралық тобы Нефунд даласындағы ежелгі көл табанынан кем дегенде екі адамның 120 мыңдай жыл бұрын жүріп өткендегі ізін тапқан. Бұдан бөлек, ежелгі түйелер мен пілдердің де бұл аймақта өмір сүргендігінің белгілері бар екен.

Адам табанының ізі және оның цифрлы рельеф моделі. Stewart et al, Science Advances, 2020

Зерттеу нәтижелері адамдар тобының көлге тоқтап, демалғанын көрсетті. Ол заманда бұл аймақ қазіргідей шөл емес еді. Шөбі биік саванна болуы мүмкін, — дейді ғалымдар.

Бұған дейін ғылым Homo sapiens Африкадан 60 мыңдай жыл бұрын шықты деп келген еді. Алайда Грекиядан табылған 200 мың жылдық бас сүйек, Сауд Арабиясындағы осы іздер мен 88 мың жыл бұрын өмір сүрген адамның саусақ сүйегі миграцияның әлдеқайда ерте басталғанын көрсетіп отыр.