Бағдат Мусин: 250-ден көп тұрғыны бар ауылдарға интернет жыл соңына дейін жетеді

Интернет сапасын барлық тұрғынға жеткізу мәселесі бойынша екі жоба іске асырылып жатыр. Оның бірі — талшықты оптика желісін 2020 жылдың соңына дейін 1 250 ауылға салу жобасы. Бұл жоба бойынша 20 мың шақырымнан астам оптика желісі салынады. Бүгінде 1 000 ауылдан астам мектептер мен мемлекеттік органдар сапалы интернет желісіне қосылған. Қалған 200-ге жуығы жыл соңына дейін қосылады. Екіншісі — ауылдарда 3G, 4G ұялы байланыс ұйымдастыру жайындағы жоба. Бұл жоба аясында байланыс операторларымен меморандум жасалып, жыл соңына дейін тұрғын саны 250-ден көп ауылдарды ұялы байланыспен қамтылады. Қыркүйектің өзінде 150 ауыл интернетке қол жеткізіп отыр. Жылдың соңына дейін қалған 778 ауыл қосылады. Оның ішінде қазанда 204, қараша мен желтоқсан айларында 473 ауылға сапалы интернет қосамыз, — деді министр.

Бағдат Мусиннің айтуынша, қашықтан білім беруді қолдау мақсатында министрлік байланыс операторларымен бірлесіп мұғалімдерге, оқушылар мен студентерге арналған «Білім» деген арнайы тариф жоспарын шығаруды пысықтады.

Тариф жоспары қазақстандық видеоконференция байланыс жүйесін қоса алғанда Білім және ғылым министрлігі мақұлдаған 600-ге жуық платформаға шексіз қол жеткізуді қамтиды. Сонымен бірге байланыс операторлары қосымша 1 гигабит интернет трафигін ұсынған еді. «Білім» тариф жоспарының абонент төлемі — 990 теңге. Бұл дегеніміз — дүниежүзінде ең төменгі деңгей. Бұл тариф жоспарына қалай қосылуға болатыны туралы ақпарат байланыс операторларының сайтында толық хабарланған. Мұнымен қоса байланыс операторларының барлық коммерция тариф жоспарларында осы аталған отандық білім беру платформаларына тегін қол жеткізуге болады. Ал қашықтан оқу аясында шетелдік ресурстар қолданылса, ақылы болады, — деді ол.