Оның айтуынша, ведомство білім мекемелерімен, білім басқармаларымен жұмыс істеп отыр.

Оның ішінде әлеуметтік желілерде мұғалімдердің, ата-аналардың, депутаттардың көтеріп отырған мәселелерін біз де байқап, көріп отырмыз. Олардың әрқайсына жеке түрде жауап беріп, жеке түрде қарастырып, барлық мәселені шешу сұрағымен айналысып жатырмыз, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Шолпан Қарынова Zoom-дағы порновидеоға қатысты да түсінік берді.

Кей сабақтардың сәтті өтпегені туралы хабарды біз естідік, осы бойынша бірнеше талдау жұмыстары жүргізілді. Өткізілген 2 миллион сабақтың ішінде 2 сабақ сәтсіз өткізілген. Zoom-да өткен сабақта бөгде адамдар араласып, келеңсіз оқиғаларға жеткізгенін біз де көрдік. Бұл бойынша барлық мұғалімге, мектепке түсіндірме жұмыстары тағы жүргізіліп жатыр. Мұндай жағдайдың болмауын қадағалаймыз, — деді вице-министр.

Еске салайық, 3 қыркүйекте Нұр-Сұлтан тұрғыны Zoom-да математика сабағында 5-класс оқушыларына порновидео көрсетілгенін айтып, шағым түсірген. Кейін мұндай оқиға Алматыда да болды. Математика пәнінің мұғалімі онлайн сабақ кезінде бөтен адамдардың Zoom конференциясына кіріп, бейәдеп сөздер айтып, порновидео мен суреттер қосқанын айтқан.