Қызылорда облысы ауруханаларының күзге дайындығы тексерілді

Іссапар Жалағаш аудандық ауруханасы құрылысымен және аудандық емхананың күзге дайындық жұмыстарымен танысудан басталды. Аудандық аурухананың құрылыс жұмыстарымен аудан әкімі Асылбек Шаменов таныстырса, жалпы аурухана мен емхананың күзге дайындық жұмыстарын аудандық аурухананың бас дәрігері Баян Бурамбаева баяндады.

Іссапар одан әрі Төретам кентіндегі №80 орта мектебіне жалғасты. Онда мектептегі жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына қанықты.

Одан соң Төретам кентіндегі ауылдық аурухана жұмысымен танысты. Онда аурухананың күзгі толқынға дайындық жұмыстарын Байқоңырдағы көпбейінді аурухананың бас дәрігері Жандос Әділхан баяндады.

№272 орта мектепті жөндеу жұмыстары көрсетіліп, сапар Байқоңырдың көпбейінді ауруханасына жалғасты. Онда аурухана жұмыстарымен танысқан соң, медицина қызметкерлерімен кездесіп, мамандардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Ақмарал Әлназарова
Фото: Қызылорда облыстық Ішкі саясат басқармасының баспасөз қызметі

Іссапардың екінші күнінде Парламент сенаторы Ақмарал Әлназарова мен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Ұлттық сараптама орталығы, облыстық көпбейінді аурухана және №3 қалалық емхананың жұмысымен танысты.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы 185 төсек-орынға арналған. Коронавирус жұқпалы инфекциясы кезеңінде өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты қосымша 170 инфекциялық төсек-орын, 90 провизор төсек және таза зонаға 130 төсек-орын қосымша жасақталды.

Қазіргі таңда ауруханада провизорлық бөлімшеде 25 науқас, балалар ішек аурулары бөлімшесінде 96 науқас ем алып жатыр.

Медицина бұйымдары мен жабдықтар, дәрілік заттар бойынша қазіргі таңда қорда ЖҚҚ 3063 бір реттік костюм, 550 көпреттік, 7990 бірреттік маска, 3810 респиратор, 14800 бірреттік қолғап, 37200 антисептик, 23 пульсоксиметр, 50 кислородты концентратор-50, 7 ИВЛ бар.