«Интим суретіңді/видеоңды интернетке жариялаймын» деп қоқан-лоқы көрсетушілердің мақсаты қандай?

Жеке сурет немесе видеоны, әсіресе интим сипаттағы мәліметті «интернетке жүктеймін» деп қорқытатын адамдардың негізгі мақсаты — қандай да бір сыйақы. Ол ақша не мүлік секілді дүние болуы мүмкін. Ал кей бопсалаушыға құнды зат емес, моральды құндылықтар, ішкі сезім қажеттілігін қанағаттандыру керек. Мысалы, бір адам басқаның бұрын жасаған іс-әрекетін кешіре алмайды. Сол үшін осындай қоқан-лоқы түріне баруы ықтимал. Бопсаға ұшыраған адам кешірім сұраса, бопсалаушы әрекетінен бас тартып жатады. Мұндай жағдай жиі кездеседі. Бірақ мәселе өзара шешілгендіктен, моральды құндылықтар үшін қоқан-лоқы көрсеткен бопсалаушы ісі бұқаралық ақпарат құралдарында көп айтыла бермейді.

Қазақстанда мұндай қылмыскерлерге қандай жаза қолданылады?

Заңнамада мораль тұрғысынан зиян келтіру деген түсінік бар. Оған осы сипаттағы қоқан-лоқы да кіреді. Алайда Қазақстанның қылмыстық кодексінде сексуалды бопсалау, интим фотосы немесе видеосын жариялаймын деп қоқан-лоқы көрсеткен адамдарды жауапқа тартатын арнайы бап жоқ.

Бұдан бөлек қылмыс құрамы деген түсінік бар. Ол ұғым қылмысты кім, қалай, қашан және қандай мақсатта жасады деген сұрақтардың жауабын іздейді, зерттейді. Бопсалау мен интернет арқылы қоқан-лоқы жасаудың айырмашылығы осы кезеңде анықталады.

  • Дерек: 2016 жыл. А есімді Ақтөбе тұрғыны Б есімді сүйіктісімен айырылысқаннан соң оның жалаңаш суреттерін интернетке жүктеймін деп қорқытқан. Жәбірленуші қысымға шыдамай, «Энап» дәрісінің 10 данасын ішіп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ әйелге уақытылы көмек берілді. Ал айыпталушы бұл әрекетін психологиялық қысым жасау үшін істегенін айтқан. Қылмыскерге 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру және моральді шығын үшін 500 мың теңге, материалды шығын үшін 44 950 теңге айыппұл берілді.

Мәселен, жаңа үйіңіздің құжаттарын бір агенттікке немесе риелторға тапсырдыңыз. Ал олар сізді алдап, құжатыңызды ұрлап кетті, кейін құжатты қайтару үшін ақша талап етті. Міне, мұндай істер «Бопсалау» бабымен қарастырылады. Яғни қылмыскер жәбірленушінің мүлкін қолына түсіріп, ол арқылы баюды көздейді.

Ал алаяқтық сенімге негізделеді. Бір адам екінші адамға сеніп, ақшасын немесе мүлкін берсе, алаяқ соны пайдаланып, қашып кетеді. Ал интернет арқылы қоқан-лоқы көрсетушілердің мақсаты үнемі пайда табу бола бермейді. Оған жоғарыда айтып кеткеніміздей, моральды құндылықтар, психология тұрғысынан зәбір көрсету, мәжбүрлеу себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдайда істі «Бопсалау» бабымен ғана қарастыру қиын.

Дегенмен бұл қоқан-лоқы көрсетушілер жауапқа тартылмайды деген сөз емес. Қылмыстық кодекстегі басқа баптар бойынша іс қозғалады. Мәселен, 123, 124, 194-баптар бар.

Әлемдік тәжірибені айтсақ. Интим фото және видеомен қоқан-лоқы жасаушыларға Испания соты екі түрлі жаза қолданады. Біріншісі — қомақты мөлшердегі айыппұл, екіншісі — 8 жылға бас бостандығынан айыру. Ал Германияда мұндай қылмыскерлер айыппұлмен құтылмайды, 10 жылдан 15 жылға дейін абақтыға қамалады.

Қылмыскерлер жеке сурет, видео немесе мәліметті қай жерден алуы мүмкін?

Кей адамға бұрынғы сүйіктісі, досы, жақыны қоқан-лоқы көрсетеді. Оларға жеке деректі жәбірленушінің өзі жіберген болуы мүмкін. Сондай-ақ ұрлық та кездеседі.

  • Дерек: 2017. Шымкент тұрғыны 28 жастағы әйелді интим суреттерін таратуға қоқан-лоқы көрсеткен. Ер адам 2016 жылы зардап шеккен қызбен интернет арқылы танысқан. Содан кейін ол онымен кездесе бастап, бір айдан кейін одан 10 миллион теңге талап еткен. Сомманы бермеген жағдайда оның интим суреттерін әлеуметтік желіге жариялаймын деп қорқытқан. Жәбірленуші бірден полицияға хабарласып, күдікті ұсталған. Сот ер адамды 7 жылға қатаң колонияға қамалды.

Интернет арқылы алаяқтық жасауға көп тәжірибе керек емес. Сурет пен видео ұрлаудың ең оңай жолы — Whatsapp, Instagram, Facebook, Twıtter секілді әлеуметтік желілер мен мессенджерлер. Қылмыскер атыңыздан жалған аккаунт ашып, Photoshop арқылы суретіңізді өңдеп, басқаларды алдап, сізді қорқытуы әбден мүмкін.

Тағы бір жолы — қандай да бір сайтқа кірген кезде төменгі жақта «іс-әрекетіңізді сақтау үшін cookie-дағы мәліметтерді қолданамыз» деп жазылып тұрады. Сookie — адам сол сайттан шықпағанша, оның телефонындағы немесе компьютеріндегі мәліметті көруге рұқсат беретін фрагмент. Бұл қауіпті. Себебі телефоныңызда медиафайлдардан бөлек ЖСН нөмірі, банк картаңыз, мекенжай сияқты маңызды ақпараттар бар болуы ықтимал.

Сайт, мобильді қолданба немесе форумға тіркелген кезде жүйе жеке мәлімет, сурет сұраса, ойланбай бере салмай, оның маңыздылығын түсіну қажет. «Жеке мәліметім бұл кісілерге шынымен керек пе, керек болса не үшін?» деген сұрақ қойыңыз. Себебі бұл да — ұрлықтың бір түрі.

Былтыр Anytime-ға тіркелгім келді. Anytime — көлікті жалға беретін қолданба. Оған тіркелу үшін жеке куәлігіңнің алды-артын, жүргізуші куәлігін суретке түсіріп, ата-анаңның толық аты-жөнін жазуың керек екен. Сол кезде «Жеке мәліметімді не үшін ашық жариялауым керек? Оларға не үшін қажет?» деп ойлап, қызмет көрсету орталығына хабарластым. Компания «Біз мәліметтерді жинаймыз, келеңсіз жағдай болып қалса, қолданамыз» дейді. Біріншіден, жалға алынған көлікті соғып алса немесе жол ережесін бұзса, рөлде отырған адам жауап береді. Оған жеке мәліметтің түк те керегі жоқ. Меніңше, көлікті жалға алу үшін екі жақ арасында келісімшарттың болғаны жеткілікті. Екіншіден, жеке мәліметтерді қорғау туралы заң бойынша біреудің жеке деректерін себепсіз күнделікті қызметте қолдануға, жинауға ешкімнің құқығы жоқ. Қолданбаға ақыры тіркеле алмадым. Маған жеке ақпаратымның қауіпсіздігі маңыздырақ болды.

  • Дерек: 2018 жыл. Шетел азаматы жүздеген қазақстандық қыздардың әлеуметтік желідегі жеке мәліметтеріне ие болып, бопсалаған. Оның ішінде 17 қыздың интим суреттін тапқанын, қыздар 8-10 мың теңге жібермесе, суреттерді интернетке жариялайтынын айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Кейін қылмыскер ұсталған. Ол Алматы облысында тұрып жатқан Өзбекстан азаматы болып шыққан.
шантаж
Иллюстрация: Freepık.com

Қоқан-лоқыға ұшырағанда қайда жүгіну керек?

Мұндай жағдайға тап болған кей адам қылмыскердің талаптарын орындап жатады. Мысалы, сұраған қаражатын беруге тырысады. Бірақ қылмыскер суретіңіздің немесе видеоңыздың көшірмесін алып қалуы және ақша алған күннің өзінде тағы сома талап етіп, бопсасын ары қарай жалғастыра беруі мүмкін екенін ескерген жөн. Сол себепті құқыққорғау органдарына жүгінген дұрыс.

Бопсалаушы Қазақстанда болса, кез келген құқық қорғау органы, прокуратура немесе полицияға баруға болады. Ал шетелдік біреу жеке мәліметті қолданып жатса, арбитраж сотынан көмек бере алады. Бұл сот халықаралық деңгейдегі мәселелерді шешеді.

  • Дерек: 2018 жыл. 24 жастағы Атырау азаматы Вконтакте желісі арқылы бірнеше қыздармен танысып, сеніміне кіріп, жалаңаш түскен суреттерімен алмасқан. Кейін жігіт әйелдер мен қыздардың интим суреттері мен телефон нөмірін алған соң оларды бопсалай бастаған. Ер адам онымен төсек қатынасына түспеген жағдайда, хат-хабарламалар мен фото суреттерді әлеуметтік желіге жариялаймын деп айтқан. Жәбірленушілердің арасында 15 жасар қыз болған. Полицияға кәмелет жасқа толмаған қыздың ата-анасы шағымданған.

Жалаңаш суреттер немесе жеке мәлімет Интернетте тарап кетсе, не істеуге болады?

Сурет, басқа да жеке дерек Интернетте тарап кетсе, бұл мәселені халықаралық деңгейде шешуге болады. Яғни, медиафайл жүктелген сайтты немесе мобильді қолданбаның әкімшілігімен байланысу керек. Бірақ модераторлар жедел жауап беріп, сізге қажет істі жасайды деп те үміттенбеген жөн. Сондықтан адам өзі жөнінде ақпарат бөліспес бұрын ойланғаны жөн.

Дегенмен интернетке түскен ақпаратты өшіру мүмкін емес деген түсінік те жалған. Кез келген программаның мәлімет жинайтын орталығы бар, сол жерден өшіруге болады. Бірақ ол уақытты пен төзімді, түрлі процесті қажет етеді.

Интернеттегі қоқан-лоқының құрбаны болудан қалай сақтануға болады?

Әлеуметтік желідегі парақшаларды жабық түрде пайдаланған жөн. Таныс емес, күмәнді адамдарды парақшадағы достар қатарына қоспау керек. Бейтаныс адамдар жазбау үшін хабарламаларға да шектеу қойған дұрыс. Парақшаның құпиясөзін жиі ауыстыру қажет. Бұл аз да болса қоқан-лоқыға ұшырамауға көмектеседі.

  • Дерек: 2020 жыл. Қарағандыдағы 20 жастағы студент қыз жігіті оның интим жерлерін суретке түсіріп, бопсалайтынын мәлімдеді. Бойжеткеннің айтуынша, жігіт кездесуге, төсек қатынасына мәжбүрлеген.