Бүгінгі мәселе – ұлы ойшылдың мол мұрасын жаңа заман тұрғысынан зерделеу, яғни Абай ілімі несімен құнды? Ақын ойларының бүгінгі қоғамдағы маңызы қандай? Өскелең ұрпақтың рухани дамуына тигізер әсері қандай? Ел болып дамуымызға, ұлт болып қалыптасуымызға ықпалы бар ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеу аса маңызды. Ең бастысы, жас толқын Абай шығармашылығынан тағылым алып, қастерлі құндылықтарды бойға сіңіруі қажет.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы», — дейді.

Демек, рухани жаңғырудағы негізгі ұстанымдар Абай айтқан мазмұнды идеялармен біте қайнасып жатқанын анық бағамдауға болады.

Абай шығармашылығы: прагматизм және білімнің салтанат құруы

Абай Құнанбайұлы еңбектеріне үңілсек, ақын үнемі ғылым-білімді насихат етіп, оқуға, дамуға шақырады. Қазақ қоғамының қайта түлеуіне, кертартпа мінезден арылып, білім игеруіне тілеулестік білдірді. «Артық білуге талап қылуды, пайда ойламай, ар ойлауды» үндейді. «Ғылым таппай мақтан етпеуді» өсиет етеді.

Әйгілі неміс ғалымы, квантты физика зерттеушісі, Нобель сыйлығының игері М.Планктің «Ғаламды жоғары сана билейді, күллі әлем оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр» деген жаңа танымына сүйенсек, ақыл-парасат биігіне қол созу заман талабына айналды. Адам капиталының сапасын жақсарту мен интелектуалды ұлт қалыптастыру ғылым-білім жетістіктерімен өлшенеді.

Бұл ретте Абайдың он сегізінші қара сөзінде айтылған «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» деген тұжырымның мәні зор.

Ақын мысал еткен «бес дұшпаннан» арылып, «бес асыл істі» бойға қондыру – адам болмысының жаңаруына, рухани тазаруына бағдар сілтейді.

Абайдың «толық адам» ілімін жоғары оқу орындарында оқыту ұлттық идеологияның жаңа ұстанымдарына жауап береді. Моральдық кодекске баланған «толық адам» концепциясы мінез-құлық прагматизмімен үндеседі. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметов «Абайдың толық адам ілімі» жас ұрпақтың кемелденген мінез-құлқын қалыптастырып, жат қылықтардан сақтайтын «қазақ қорғаны» болуы қажет деп есептейді.

Абайдың прагматикалық философиясы жаман әдеттерден арылып, рухани кемелденуге, ізгі қасиеттердің қайта жаңғыруына жол ашады. Мақтан мен масылдықпен күресуге шақырған, адал еңбек етуге үндеген өлеңдері еңбеккерліктің жаршысы іспетті. Яғни, бүгінгі ұстаным «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген Абай сөзімен септесіп жатыр.

Абай – 175. «Рухани реформатор» қалай дәріптеліп жатыр?

Мемлекет басшысы «Абай күніне» орай жариялаған мақаласында ақынды ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеу керектігін атап өтті. Абайдың биылғы 175 жылдық мерейтойы жаһандық пандемияға байланысты онлайн форматта тойланып, көптеген жоспарлы іс-шараларға өзгеріс енгізді. Дегенмен негізгі мақсат той тойлау емес, Абай мұрасынан тағылым алу екені аз айтылған жоқ.

Абай Құнанбайұлы

Осы ретте «Абай жылы» айшықты бастамаларға жол ашты. Абай шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылып, басылып шықты. Ойшылдың 145 өлеңі мен 3 поэмасы, 15 қара сөзі ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдерінде сөйледі. Аударма жұмыстарына әлемнің беделді баспалары мен тәжірибелі мамандар тартылды.

Ақын мұрасын жүйелі зерттеу мақсатында Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» құрылды. Академия өз кезегінде абайтанумен айналысатын ғылыми-зерттеу орталықтарының басын қосып, бұл саланың ілгерілеуіне күш салады.

Сондай-ақ мерейтойлық датаға сәйкес, ұлы ойшыл туған топырақта бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынды. Атап айтсақ, Абайдың мұражай-үйі мен «Абай-Шәкәрім» кешенінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүріп жатыр. «Жидебай-Бөрілі» музей-қорығы ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қайта құрылмақ.

Abai tv телеарнасының ашылуы да ақын мерейтойындағы айшықты оқиғалардың бірі болды.

Өскелең ұрпақты Абай мұрасымен тәрбиелеу ұлттық иммунитеттің беріктігіне кепіл болады. Сол себепті болашақта «Абайтану» курсы гуманитарлық пәндердің бір бөлшегі ретінде оқытылады. «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясы да қайта дайындалып, жаңа заман талаптарына сай жүйеленеді.

Шетелдердегі елшіліктер жанынан Абай орталықтары ашылып, өз жұмысын  бастады. Бұл Германияның Гете, Қытайдың Конфуций институты іспетті үлкен орталыққа айналуы тиіс.

Жалпы әлем елдерінде Абай атымен аталған көшелер мен ескерткіштер, мәдени орындар аз емес. Атап айтсақ, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына орай Лондонда «Абай үйі» бой көтерсе, 1998 жылы Украина астанасында Абай көшесі ашылған екен. Одан кейін Краматорск, Днепропетровск қалаларында да ақын атындағы көше пайда болған.

Ақын есімімен аталған көшелер Каир, Нью-Дели, Ташкент, Бішкек, Баку секілді ірі қалаларда кездеседі. Сондай-ақ Германия мен Люксембургте де Абай көшесі бар екенін біреу білсе, біреу білмейді.

Абай Құнанбайұлы
Коллаж: Ripkso.kz

Абай ескерткіші Ресей астанасында Қазақстан елшілігі маңындағы «Чистые пруды» бульварында, ал  Қытай астанасында «Чаоян» саябағында  қойылған. Бір қызығы Франциядағы Абай ескерткіші Ренн қаласындағы «Алматы» жағалауында орын тепкен екен. Бұл ретте ақынның тағы бір ескерткіші Будапештегі Астана көшесінде орнатылғанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ Тегерандағы Ұлттық кітапхана аллеясында орнатылған Абай мүсіні ақын есімін насихат етудегі іргелі істердің бірі саналады.

Мұндай мысалдар тізімі осымен шектелмесі анық. Ақын атын ұлықтауға қатысты іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Иә, жаһанды жайлаған пандемия адамзат ақыл-ойына қозғау салып, құндылықтарды өзгертті. Санадағы сілкініс сансыз сауалдарға бастап, халықтың өмір салты мен ұстанымдарына өзінше әсер етті. Қазақ қоғамы да өзгерістерді бойынан өткізіп, жаңа дәуір толқынымен бірге тербеліп келеді. Бұл жолда Абай өнегесі өмірлік серік болса, қиындықтардан қаймықпай өтеріміз анық. Абай мұраты – халық мұраты.