Былтыр Арыста болған жарылыстан бүлінген нысандардың бірі теміржол бекетінің ғимараты болатын. Мемлекет басшысы Түркістан облысына сапары барысында «Арыс-1» теміржол вокзалының қазіргі ахуалын көрді.
Шын мәнінде, орасан зор жұмыс атқарылды. Нәтижесі жаман емес. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. Арыс қаласын қайта қалпына келтіруге еліміздің барлық аймағы атсалысты. Бұзылған ғимараттар жөнделді, жаңа үйлер салынды. Соның ішінде осы теміржол вокзалы да бар. Ғасырлық тарихы бар бұл ғимараттың қала тұрғындары үшін маңызды екені түсінікті, — деді Мемлекет басшысы.
Президент былтырғы жарылыс кезінде барша қазақстандық Арыстағы тұрғынның жағдайына алаңдағанын, волонтерлар көмекке келгенін, ұйымшылдықтың арқасында осындай ауқымды жұмыс атқарылғанын екенін айтты.
Баршаңыз көріп отырсыздар, қазіргі пандемия ахуалы ешкімге оңай тиіп жатқан жоқ. Көп ел зардап шекті. Сондықтан біз де қатаң шаралар қабылдауға мәжбүр болдық. Қазір жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатыр. Бұл — ең әуелі дәрігерлердің еңбегі. Шұғыл шаралардың нәтижесі. Дегенмен әлі де сақтық шараларын ұстануымыз керек. Босаңсуға болмайды. Біз Арысты қалай бірігіп қалпына келтірсек, бұл дертті де солай бірлесіп жеңеміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
