Балықтың аузынан табылған қанішер паразит

Техастағы (АҚШ) Райс университетінің биологы Кори Эванс күтпеген жерден өте сирек кездесетін құбылыстың куәсі атанды. Бұл туралы ол өзінің Twitter-парақшасында жазды.

Губан атты коралл рифінде өмір сүретін балық бас сүйегіне рентген жасаған ғалым жан түршіктіретін дүниеге тап болады. Шаянтәрізді паразит балықтың тіліне жабысып, қанын сорып алған. Мүше жансызданып, керекке жарамай қалғанда, тілдің функциясын паразит өзі атқара бастаған.

Балық және паразит. Дереккөз: Twitter / Kory Evans @Sternarchella

Бұл – ғылымға бұрыннан белгілі жайт. Алайда іс жүзінде суретке түсіріп, «жақыннан» зерттеу мүмкіндігі жиі бола бермейді.

Балықтың тілі саналатын мүшені жеп қоятын паразиттер түрлі экожүйеде, түрлі тіршілік иесінде кездеседі, алайда қаншалықты кең таралғаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Ғалымдардың айтуынша, тіл сорып өмір сүретін изоподтардың 380-дей түрі бар. Оның көбі белгілі бір балыққа ғана шабуыл жасайды.

Паразит желбезек арқылы балықтың басына кіріп, тілге жабысып алады да, қан іше бастайды. Тіл семіп қалған соң, паразиттің өзі тілге айналады. Мұндай жағдай көптеген жылға созылуы мүмкін.

Арктиканың мұзы алдағы 35 жылда еріп бітеді

Британ климатологтарының Nature Climate Change журналында жариялаған зерттеуіне сәйкес, 2035 жылға қарай Арктика мұзсыз қалайын деп тұр.

Ғалымдар Жердің  125 мың жыл бұрын болған соңғы жылы кезеңін зерттей келе осындай болжам жасап отыр.

Бұған дейінгі зерттеулер Гренландиядағы ірі мұздықтардың еріп, азайып бара жатқанын көрсеткен болатын. 2019 жылы осындай жағдайға байланысты мұхит бар болғаны екі ай ішінде 2,2 миллиметрге көтерілді.

Ал 2020 жылдың жазында Шпицберген архипелагында ғалымдар метеорологиялық бақылау тарихындағы ең жоғары градусты (22°С) тіркеген еді.

Бұдан бөлек Жак-Ив Кустоның немересі, мұхит қорғаушысы Филипп Кусто Жердің екінші полюсі – Антарктидағы пингвиндер құрып бітеді деп болжам жасады.

«Осы жылы Антарктидағы температура Цельсий бойынша +20 деңгейінде тіркелді. Оңтүсік полюске жарамайтын ауа райы. Үйіңізде кішкентай бала бар болса, болашақта сол бала Антарктидағы пингвиндердің жоғалуының куәсі атанады», — деді Кусто.

Церераның бетінде тұзды мұхит бар

NASA астрономдары Церера атты кішкентай планетаның бетінде үлкен тұзды мұхит бар деген пікірде деп жазады Reuters. Церера Марс пен Юпитер арасындағы астероидтар белдеуінде орналасқан.

Церера. Дереккөз: Фото: NASA/JPL-Caltech/UCLA/MPS/DLR/IDA

2018 жылы Церера бетінен 35 шақырым биіктікте ұшып өткен Dawn кемесі бірқатар мәлімет жіберген болатын. Деректерді зерттеген ғалымдар бұл ергежейлі планетаның криобелсенді екенін, яғни вулкандары мұз атып жатқанын, ал бетінде біртіндеп қатуға айналған үлкен тұзды мұхит бар екенін анықтады.

Бұл адамзаттың ғарыштағы ұзақ сапарлар кезінде Церераны форпост, аралық станция ретінде пайдалануы мүмкін екенін білдіреді.

Билл Гейтс коронавирус пандемиясының қашан бітетінін айтты

Microsoft компаниясының негізін қалаушы, миллиардер Билл Гейтс кей мемлекетте коронавирус пандемиясы 2021 жылдың соңына қарай аяқталады деп санайды. Мұны ол Wired басылымына берген сұхбатында айтты.

Миллиардер дамыған елдер 2021 жылдың соңына қарай, ал басқа мемлекеттер 2022 жыл аяқталғанда барып пандемиядан шығатынын айтты.

Гейтс коронавирус кесірінен адамзат дамуы кері кетті деп санайды. «2020 жылдың басындағы жағдайымызға оралғанға дейін жылдар өтеді» дейді Microsoft негізін қалаушы.

Сондай-ақ ол Қытай мен Ресейде жасалып жатқан коронавирусқа қарсы екпені атап өтті және Билл һәм Мелинда Гейтс қоры алдағы 3-4 ай ішінде өз вакцинасын тестіден өткізіп, толық тексеретінін айтты.

Жерді 1,5 секундта айналып өтетін жұлдыз

Cnet ресурсының хабарлауынша, ғалымдар ең жылдам жұлдызды тіркеген.

Құс жолы галактикасының ортасында Sgr A* атты үлкен қара құрдым бар. Оның салмағы шамамен Күннен 4 миллион есе артық. Осы объект айналысында аса үлкен жылдамдықпен ұшып, қара құрдымды шыр айналатын жұлдыздар бар.

Соның бірі – Кельн университетінің командасы ашқан S62 жұлдызы. Ол қара құрдымды бар болғаны 9,9 жылда айналып өтеді. Ал S4711 жұлдызы бұдан да жылдам, бұған орбита бойымен бір жүріп шығу үшін 7,6 жыл керек.

Sgr A* қара құрдымы біздің галактикада орналасқан. Дереккөз: NASA/CXC/Univ. of Wisconsin/Y.Bai, et al.

Әйтсе де, үшінші, S4714 жұлдызы рекордшы атанып отыр. Оның жылдамдығы жарық жылдамдығының 8%-не тең. Басқаша айтқанда, S4714 орта есеппен сағатына 24 мың шақырымды «жүгіріп» өтеді.

S4714-ке Жерді толық айналып шығу үшін бар болғаны 1,5 секунд керек.