Карантин кезінде 1 миллион 300 мың адам жұмыссыз болды

830 мыңға жуық бизнес түрі осы күнге дейін жұмыс істемей тұрды, шамамен 1 миллион 300 мың адам жұмыссыз болды. Енді 17 тамыздан бастап бизнестің көп түрі жұмыс істеуге мүмкіндік алады, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде.

Эльдар Жұмағазиев жақын арада жаңа сайт іске қосылатынын айтты. Жұмысын қайта бастағысы келетін өндіріс орындары, бизнесмендер Infokazakhstan.kz сайтына тіркеліп, рұқсат алуына болады.

Бәрі жұмыс істегісі келеді, бәрі талпынып жатыр. Бірақ жұмысқа шыққан соң бизнес қандай алгоритмді орындай алады, 3 аптаға жуық бизнесмендермен бәрін талқыладық, 3-4 күннің шамасында шешім қабылданды. Осы алгоритм қабылданса, бизнестің көп түрі рұқсат алып, жұмыс істейді, — деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Мемлекеттік комиссия карантин шектеулерін кезең бойынша алып тастау жоспарын бекітті және бірқатар шешім қабылдады.

17 тамыздан бастап сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық базарлар, сұлулық салондары мен шаштараздар жұмысына рұқсат беріледі.

Ал түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына бұрынғысынша тыйым салынады.